Арал. Арал ауданындағы Қарашалаң елді мекенінде заманауи үлгіде салынған №75 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл жайында аудан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін ауыл балалары сонау 1972 жылы құрылысы қаланған ескі мектепте білім алып келген. Жаңа білім ошағының ашылуы тұрғындар үшін ерекше сый болғаны анық. Салтанатты жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов пен аудан әкімі Мархабат Жайымбетов қатысып ел ертеңінің тізгінін ұстар жас буын өкілдерін жаңа білім ұясына басқан қадамдарымен құттықтады. Білімнің даңғыл жолын бағындырып, мектептің жүрегіне айналған ұстаздар қауымының жұмысына сәттілік тіледі.