Еуразия кинофестивалiнiң бас жүлдесiн «Оралман» фильмi жеңiп алды

Кеше елордада 6 күнге жалғасқан XIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалi өз мәресiне жеттi. Барлығы 296 фильм көрсетiлген фестивальдiң жабылу салтанатында жеңiмпаздар анықталып, марапатқа ие болды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Кинофестивальдiң негiзгi конкурстық бағдарламасына 13 толық метражды және 30 қысқа метражды фильм қатысты. Ал шараға барлығы 200-ден астам қонақ келдi. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдирен Броуди мен Джон Малкович сияқты Голливуд жұлдыздары да бар.


Ал фестивальдiң жабылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдарының академиясының президенті Айман Мұсақожаева, американдық театр және кино актеры, продюсер, кинорежиссер, «Оскар» жүлдесінің екі дүркін номинанты Джон Малкович, ресейлік театр және кино актеры Егор Бероев, кинорежиссер, продюсер, Қырғызстан кинематографистер Одағының төрағасы Садық Шернияз, Грузия кинематография Орталығының директоры Зураб Магалашвили, ресейлік актриса Софья Каштанова, зиялы қауым өкілдері мен шығармашыл жастар қатысты.


«Үздiк ер адам бейнесi» аталымы бойынша Әзербайжанның «Гранатовый сад» фильмiнiң актерi Гурбан Исмаилов жеңiске жеттi. «Үздiк әйел рөлi» аталымына «Моя счастливая семья» фильмiнде ойнаған грузиялық актриса Ия Шугашвили ие болды. Вьетнам елiнiң «Путевая станция» фильмi мен «Гранатовый сад» фильмi қазылар алқасының арнайы сыйлығын иелендi. Қырғызстандық «Кентавр» фильмiнiң режиссерi Актан Арым Кубат «Үздiк режиссерлiк жұмыс» аталымында жеңiске жеттi. Конкурстың Бас жүлдесіне қазақстандық «Оралман» фильмi ие болды.


Сондай-ақ, қысқа метражды фильмдердiң iшiнде бас жүлденi қазақстандық «Ит» фильм жеңiп алды. Қазылар алқасының арнайы дипломымен қырғызстандық «Заплыв» фильмi марапатталды. «Хабар» арнасының нұсқасы бойынша үздiк фильм - «Еще один день» фильмi атанды.

Жабылу салтанатында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылуда. Іс-шараның соңында атақты американдық режиссер Люк Бессонның «Валериан және мың ғаламшар қаласы» фильмі қазақ тiлiнде көрсетілмек.

Естеріңізге сала кетейік, Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені – «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алған болатын.


Baq.kz 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 шілде 2017 г. 638 0