Қызылорда. Бүгін, 25 қаңтарда Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде «Жеңіске бірге жетейік!» атты акция өткізілді. Шараның мақсаты - Сочи қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасына қолдау көрсету, оларды халыққа кеңінен таныстыру, жастарға салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Аталмыш спорттық шараға облыс спортшылары мен спорт ардагерлері қатысты. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы, ҚР құрметті спорт қайраткері Жақсыбек Егізбаев қазақстандық спортшылардың жеңіске жетуіне сәттілік тіледі. Шара барысында облысымыздың жас сәнерлеп сырғанаушылары мұз айдында өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, экраннан Сочи Олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылар жөнінде слайдтар көрсетіліп, таныстырылды.