
Австралиялық блогер Тирал Далиц Сиднейден бастап АҚШ-тың Сан-Диего қаласына дейін жол жүріп, өзінің атын шығарды.
29 жастағы жігіт үш жылдың ішінде 80 мың шақырым жол жүріп, 50-ден астам елді аралады. Ол авиакомпанияның қызметіне жүгінген жоқ. Оның жолы Австралиядан бастау алып, Индонезия, Сингапур, Малайзия, Тайландта жалғасты. Сонан соң Лаос, Камбоджа, Вьетнам мен Қытайға барды. Қытай арқылы оның жолы Ресейге түсті. Блогердің одан кейінгі сапары енді Еуропа қалаларында жалғасады. Бұл сапардың барлығын, ең қызықты сәттерін ол өзінің сайтында жариялап отырды.
Австралиялық блогер Тирал Далиц Жер шарын аралау барысында кемемен, пойызбен, көлікпен, тіпті велосипедпен де жүрді. Жер шарын үш жыл аралаған пақырыңыз осының барлығына 22 мың доллар қаржы жұмсаған. Бұл қаржыны сапарға шығар алдында ол бір жарым жыл жұмыс істеп тапқан көрінеді.
Дереккөз: Айқын газеті