Сейсенбі күні «Достық үйінде» облыстық ішкі саясат басқармасының «Әлеумет» жобасы аясында «Қазақылықтың атамекені» және «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен «Медиация негізінде келіссөз жүргізуші тәсілдері» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізілді.
«Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Маратбек Нұржанов елімізде медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды жүргізу қағидаттары мен рәсімін «Медиация туралы» Заң реттейтінін жеткізді. Сондай-ақ, соңғы уақыттары елімізде орын алып жатқан оқыс оқиғалар кезінде келіссөздер жүргізетін мамандардың жетіспейтінін, тіпті жоқ екендігін атады.
Басқосуда «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық дауларды реттеу орталығының медиаторы, ТМД Экономикалық сотының (Минск, Беларусь) президенті, жаттықтырушы және медиатр Жанділда Жақыпов АҚШ-та өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының өзінде келіссөз жүргізетін арнайы мамандар болғанын, бұл өз кезегінде төтенше жағдайларда адам шығынын болдырмауға үлкен септігін тигізгенін айтты.
– Осыдан екі-үш жыл бұрын Астана қаласында көптеген елдердің қауіпсіздік органдары мамандарының қатысуымен үлкен басқосу өтті. Сонда әр елден келген азаматтар өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Израильден келген қонақтар да лаңкестікпен күресу жолдарын айтты. Соңғы уақытта террористік шабуылдарға жиі ұшырайтын елде келіссөздер жүргізу мамандары көп көмегін тигізіп отыр.
Ал, біздің елімізде өткен жылдары Алматы, Ақтөбе қалаларындағы орын алған төтенше жағдайда келіссөз жүргізу мамандары жетіспейтіндігі анық байқалды, – деген Жанділда Әжіғалиұлы келіссөз жүргізудің әдіс-тәсілдері туралы да жан-жақты әңгімелеп берді.
Жиынға қатысқан құқық қорғау және үкіметтік емес ұйым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды.
Ж.СОВЕТҰЛЫ.