
Қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Оп-оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер талай адамды үптеп келеді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бізге берген мәліметі бойынша, қаржы пирамидаларына қатысты тек биылғы 6 айдың ішінде өндіріске 21 қылмыстық іс келіп түскен. Тексерудің нәтижесінде 9 қылмыстық іс сотқа жөнелтілген. Олардан келген жалпы шығын 11 миллион теңгені құрапты. Ал іске күдікті тұлғалардың 2,6 миллион теңге көлеміндегі мүлкі тәркіленген. Қалған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы, осы мерзім ішінде қаржы пирамидасының тұзағына түскен 100-ден астам адам құзырлы органға шағымданған екен.
Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен... «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, ел жұмыссыздыққа, қаржылық дағдарысқа тап болған кезде қаржы пирамидалары да қаптап кететіні заңды. Алайда, қазір соншалықты қысылтаяң кез емес. Іздесең жұмыс та табылады. Бірақ көптеген адамдардың қаржы пирамидасының қармағына түсуіне не түрткі болып жүр?! Жұртшылық жеңіл жолмен ақша табуға құнығып кеткен бе дейсің осындай кезде. Адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасын 1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф ұйымдастырды. «Ғасыр пирамидасы» атанған бұл алаяқтық жүйе 40 жылдық ғұмырында 50 миллиард қаржыны құрдымға жіберіп, 3 миллион адамды күйзеліске ұшыратқан. Уолл-стритті дірілдетіп жіберген ғасырдың ең ірі қаржы пирамидасының күйреуі 2007-2008 жылдардағы Америкадан бастау алған қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келді. Бұл пирамидаға талай америкалық банктер мен халықаралық қорлар ақша салған деседі...2009 жылы Бернард ұсталды. Оның айла-шарғысынан әбден күйген Нью-Йорктің соты Бернардты бірден 150 жылға соттап жіберді. Бұл туралы биыл «Лжец. Великий и Ужасный» деген фильм де шықты. Ал ТМД елдеріндегі ең үлкен қаржы пирамидасы «МММ» компаниясы болды. Әлемдегі үлкенді-кішілі бәсекелестерінен оқ бойы озып, шырқау биікке көтерілген пирамида 15 миллионға жуық салымшы жинаған. Оның негізін қалаған Сергей Мавроди ұсталып, тұтқындалды да. Бірақ жазасын өтеп шыққаннан кейін де ол бірнеше қаржы пирамидасын құрастырды. Ресей билігі тарапынан талай рет қудалауға ұшыраса да оның пирамидасы бертінге дейін жұмысын жалғастыра берді. Ал Қазақстанда 1994 жылдары дағдарыс етектен тартқан тұста «Смағұлов және Ко» деген шығып, аңғал халықтың 630 миллион теңгесін үптеп кеткенін білеміз. Оның негізін қалаушы Н.Смағұлов 35 мың адамды алдаған деседі. Былтырлары «Оптовка» деген шығып, жұртшылықтың қалтасын сыпырды. «Qnet» деген атышулы компания да түкке тұрғысыз заттарын сатып, талайды қақпанына түсіргені мәлім. Міне, көріп отырғандай, қаржы пирамидаларының жұртшылықты байлыққа кенелтейін деген ойы жоқ. Олардың мақсаты – өзгенің есебінен өздерінің қалтасын қампайту. Тұзаққа түсіретін түзілім Қаржы пирамидасының құрылу сызбасының өзі адамды арбайды. Мұнда әрбір адам пирамида құруға кіріседі. Ең төменгі сатысы – жүйеге жаңадан кірген адам. Ол байи келе, пирамиданың ұшар басына жетіп, бас айналдырарлық табысқа кенеледі-мыс. Зерттеулерге сүйенсек, қаржы пирамидаларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы, қаржы пирамидалары өздері құрған жүйемен жұмыс істейді. Ал екіншісі, әу баста заң шеңберінде қаржы институттары болып құрылып, кейін біртіндеп пирамидаға айналғандар. Бұлар микрокредиттік ұйымдардың атын жамылып жұмыс істейді, жарнамасын жүргізеді. Сол себепті ешқандай кепілсіз, белгілі бір талап-шартсыз шағын несие беремін немесе кәсіпкерлік құрып беремін деген жарнамашыл ұйымдардан аяқ тарта жүрген абзал. Қаржы пирамидалары адамдарды арбаудың небір айла-шарғыларын меңгерген. Қазіргі таңда елімізде «Questra Holdings Inc.» компаниясының дәурені жүріп тұр. Бұлардың «жоғары пайыздық мөлшерлемемен сыйақы береміз» деген құрғақ уәдесіне сенген аңғал жұрт аталған компанияға еуролап қаржысын салып жатыр. «Квестра» өзін салымшыларына инвестициялық компания ретінде таныстырады. Клиенттеріне ұсынатын сыйақысы да қомақты. Мысалы, «Квестраның» ең арзан «White» пакеті бойынша €90 көлемінде инвестиция салсаңыз, ол қаражатыңыз ертегі батырларындай сәт санап өседі. Аптасына – €4, айына – €16, ал жылына €187 табыс табасыз. Бұл енді сұмдық өсім. Апта сайын телефоныңызға ақшаңыздың көбейіп жатқаны туралы хабарлама келіп тұратынын қайтерсіз?! Бірақ мұның бәрі – виртуалды қаржы. «Квестра» компаниясы туралы ақпаратты интернеттен біз де іздестірдік. Бірақ компанияны жарнамалаған бірнеше бейнероликтер мен түрлі-түсті фотосуреттерден басқа ештеңе таппадық. Жарнамалық сайтта Questra World компаниясының лицензиясы, басшылығы, мекенжайы және байланыс нөмірлерінің көрсетілмеуі де күмән туғызады. Еліміздің Бас прокуратурасы Ұлттық банкпен, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, «Questra Holdings Inc.» компаниясының қызметін жан-жақты зерттеген. Сөйтсе, «Квестра» Кабо-Верде Республикасында орналасқан «Atlantic Global Asset Managment» компаниясының еншілес кәсіпорыны болып шыққан. Олар «клиенттерін» компанияның өкілдері мен веб-сайты арқылы тартады екен. Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Абаевтың мәліметінше, бүгінде «Questra Holdings Inc.» компаниясының іс-әрекетіне қатысты қылмыстық істер қозғалып жатыр. Айталық, Қызылорда облыстық ІІД-мен бірге, биыл наурызда компанияға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мамыр айында Қызылорда облысының құқық қорғау органдарымен «Квестраға» қатысты тағы да 3 қылмыстық іс қозғапты. Аталған қылмыстық істер Бас прокуратураның нұсқауымен бір өндіріске біріктіріліп, тергеуді жүргізу үшін Ішкі істер министрлігіне жолданған. Қазіргі кезде кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық етумен айналысқан «Квестра» өкілдеріне қатысты осындай қылмыстық істермен Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының ішкі істер департаменттері де айналысып жатыр. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша, «Квестра» қаржылық ұйымдардың тізіміне енгізілмеген. Олардың депозит қабылдауға, ашуға және банктік есеп шоттарды жүргізуге лицензиясы да жоқ. Австрия, Бельгия, Чехия, Словения және Ұлыбритания секілді елдердің ұлттық банктерінің ресми сайттарында «Квестраға» ақша салуға қатысты ескертулер айтылғанын біз де көпшілікке ескертіп қояйық. Алаяқтар ауыздықталуы тиіс Қаржы пирамидасы жүйесімен алаяқтық жасайтын үлкенді-кішілі компаниялардың көбейіп кетуіне байланысты еліміз осыдан үш жыл бұрын Қылмыстық кодекстің 217-бабына қаржы пирамидасын құру мен оған басшылық етуге қатысты жаза түрін енгізді. Осы бап бойынша, кімде-кім қаржы пирамидасын құрса, оған басшылық жасаса, қылмыстың ауырлығына байланысты мүлкін тәркілеумен қоса, он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабында қаржы (инвестициялық) пирамидасы қызметiнiң жарнамасын шығарған, таратқан және орналастырған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылған. Қаржы пирамидаларының іс-әрекеті қаншалықты қауіпті екенін құзырлы органдар айтып-ақ келеді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы – аса маңызды істер бойынша аға офицер Жұма Ерденнің айтуынша, барлық қаржы пирамидасына ортақ бірнеше белгі бар. Олар банк депозиттерінің жылдық пайызынан әлденеше асып түсетін жоғары кірісті уәде етеді. Бірақ табысты қайдан алатынын, негізгі бағыт-бағдарын, инвестициясын ашық көрсетпейді. Тек аңғал халықты жинап алып, әдемі сөйлеп, мерекелік безендірген буклеттер таратып, қысқа мерзім ішінде жоғары мансапқа қол жеткізетіні туралы тәтті «ертегілер» айтумен шектеледі. Тиісті орган қор нарығында жоғары кірістерді уәде еткен осындай компанияларды тексерген кезде, олардың ешқандай да биржа нарығында сатылым жүргізбейтінін, тек жаңа салымшылар есебінен қаржысын көбейтіп отырғанын анықтаған. Сондықтан маңдай термен келген әрбір тиын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін сақ болған жөн, дейді Жұма Ерден. Түйін Қаржы табудың пирамидалық тәсілі – бұрыннан дәлелденген алдамшы жүйе. Мұндай компаниялар белгілі бір жоспарын орындаған кезде көкке ұшқандай ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Сан соғып, жер сипап қалатын баяғы қараша халық. Әлемдегі ең мықты деген инвестициялық компанияның өзі жылына 30 пайыз сыйақы беруі мүмкін. Ал қаржы пирамидасының уәде ететін үстемесі айына – 20 пайыз. Мұндай «батпан құйрық» болған емес, болмайды да. Егер ақшаңыз соншалықты асып-тасып жатса, нарықта аты белгілі, қаржы жүргізуге құқы бар инвестициялық компанияларға немесе екінші деңгейлі банктерге салыңыз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»