Үш облыс мектеп салу бойынша жоспарды орындамаған

Қазақстанның қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыны игеруде қай өңірлердің артта келе жатқанын және қанша сомаға қандай нысандар салынбағанын айтты деп хабарлайды baq.kz ақпарат агенттігі.

Савельеваның айтуынша, аймақтарға жоспарда көрсетілген 59,7 млрд теңге түгел аударылған. Оның 458 млн теңгесі игерілген жоқ.
Игерілмеген қаржының негізгі бөлігі мектептер салуға байланысты.

«Нақтылап айтар болсақ, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бостандық ауылында 189,3 млн теңгеге 600 оқушыға мектеп, Ақмола облысы, Щучье қаласында 150 млн теңгеге 800 оқушыға арналған кәсіптік мектеп-интернат, 116,2 млн теңгеге Жамбыл облысы, Байзақ ауылында және Таразда мың оқушыға мектеп салынбады», — дейді ол.

Савельева бірінші жарт жылдыққа жасалған сараптама көрсеткендей, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржының толық игерілмеуі мүмкін екенін айтты.Осыған байланысты Қаржы министрлігі биылғы бюджетті нақтылау ұсынысын дайындап жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, бөлінетін қаржыны қысқарту және қайта бөлу туралы ұсыныстар болады.

Савельева мемлекеттік сатып алуларға қатысты жолсыздықтар туралы да баяндады. Биылғы бірінші жарты жылдықта 83,2 млрд теңгенің 176 мемлекеттік сатып алу процедурасы тексерілді. Олардың ішінде 27 процедура бойынша 23 млрд теңге сомаға тәртіп бұзушылық анықталып, олар жойылған. Савельеваның айтуынша негізгі жолсыздықтар – байқау комиссияларының мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды біліктілік талаптарына сәйкессіздік бойынша негізсіз жібермеуі.

Савельева үкімет басшысының орындалмай отырған маңызды тапсырмалары туралы айтты. Қаржыландыру жоспары бойынша мемлекеттік органдар қаржыны екінші және үшінші маусымға ауыстыру керек болатын.

Алайда, екінші жарты жылдықтан небәрі 3,1 млрд ауыстырылған. Бұған негізгі жауаптылар ретінде Савельева әкімшілер мен әкімдіктерді, ал негізгі себептер ретінде ақшаның кеш бөлінуін және мемлекеттік сатып алудың кеш жүргізілуін атады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 663 0