КӨП ЖҰМЫЛДЫ, КӨПІР САЛЫНДЫ

«Ағайын тату болса, алыстағы келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», деген аталарымыздың тәмсілі қай кезде де күшін жоймақ емес, әсіресе, заңы қатал мына нарық кезеңінде қандастарымызға татулық пен ауызбірлік өте қажет-ақ. Соның бір дәлелі ретінде Жаңақорған кентінің  тұрғын үй құрылысы кейінгі жылдары жүргізіле бастаған «Саяжай» шағын ауданы тұрғындарының ынты¬мақтаса жүргізе бастаған істеріне сүйсініс білдіруге әбден болады. Аудан орталығын жаңа шағын ауданнан бөле кесе көлденең жатқан теміржолдан асып, әрі қарай бару көліктегі кісі түгілі жаяу-жалпыға да қиындау соғып жүргені рас. Міне, оның шешімді жолын тұрғындар көп болып тапқандай. Әрине, қай іске де қозғаушы мен бас болар елжанды азамат керек.
Жаңақорған кентінің әкімі Аллаберген Ахметов осы маңдағы үлкендердің тілегін тыңдай келе, бұл іске қолдау білдіріп, әрі қарай ұйымдастыру жұмыстарына ұйытқы болды. Шынын айтқанда бюджетке алақан жаймай-ақ, теміржол үстінен асар әдісімен көпір құрылысы салына бастады. Ел болған соң, өз мүддесінен гөрі көптің тірлігіне қайым тұратын белсенді азаматтар да болады.  
– Аталған ортақ шаруаға кент әкімімен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов, «Шалқия-Цинк» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмаддин Мұсабаев сынды азаматтар да өз үлестерін қосты,–дейді аудандық мәслихаттың депутаты Серік Абдуллаев. Халық қалаулысының өзі де осы істің басы-қасында болып, жанашырлық танытып келеді. Сондай-ақ, Әлайдар Әбуов, Оразқожа Исаев, Арафат Бектұрғанов секілді жүргізушілер өз көліктерімен топырақ тасып, аспа көпірдің жағалауын биіктетті. Тағы да қажетті шаруаларға тілектестігін білдірумен қатар қол ұшын созған азаматтар да бар. Бастысы, аспалы көпір ел игілігіне жарады, ұзағынан сүйіндірсін делік.  
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған кенті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 493 0