БАБАЛАР ЕСІМІ ЖАДЫМЫЗДА

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақ халқының  өткен тарихындағы елдің бірлігі мен жердің тұтастығы жолында болған, ата-бабаларымыздың ерліктерін есте сақтаудың жаршысы екені айқын. Мақалада  ғасырлар бойы ұлт болашағын ойлап, әрбір өлкенің панасы болып ел есінде қалған бабаларын – қазіргі ұрпақ біліп өсуге тиіс екені ерекше айтылған.
Мақаланың мазмұны – ертеде «елім-жерім» деп өтіп, ғасырлар қойнауында ұмыт бола жаздаған арыстарымыздың есімдерін жаңғыртып, жария етуге жол ашқандай. Сонау қилы заманда қазақ халқының теңдігінен туындайтын жері, тілі мен діні үшін өмірін күреспен өткізген аталарымыздың болғаны тарихтан белгілі.
Бодандыққа қарсы басталған  ұлт-азаттық кө¬тері¬лістері сонау өткен ХVIII ғасырдың бірінші жартысында, еліміздің Ресей мемлекетіне қосылуынан басталған кезең болатын.
Патшалық Ресей өкіметі өзіне қосылған елді бодандықта ұстау  саясатын – қазақ жерін біртіндеп жаулап алудан бастады. Қазақстанның батыс өңірінде бекіністер мен қамалдар салып, ең шұрайлы жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыруға кірісті. Осыған орай, 1756 жылы патша өкіметінің қазақтарға Еділ мен Жайық өзендерінің ішкі жағына өтуіне тыйым салынған жарлығы шығып, аталған өзендерді бойлап орыс-казактар қоныс тебе бастады. Соның салдарынан, қазақ ауылдарының жайылымы тарылып, мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады.
Ежелден отырған қонысының, жайлауының  орыс патшасының  қол астына өтіп жатқанына наразы болған жергілікті халық бірнеше мәрте  қару алып, атқа қонуға мәжбүр болды.
Сондай халық көтерілістері 1785-1792 жылдар арасында Батыс Қазақстан өңірінде, Кіші жүз руларының батырлары Сырым Датұлы, Барақ Сатыпалдыұлы және Тіленші Бөкенбайұлының басшылықтарымен болған. Олардың ойлары – патша бекіністері мен қамалдырын жойып, озбырлықпен басып алынған жерлерді қайтару еді.
1785 жылдың көктемінде, Сырым батыр – 2700 адаммен, Барақ батыр – 2000 адаммен және Тіленші батыр 1500 адаммен Жайық өзенінің төменгі жағында, патша әскерлерімен шайқасқа түскен. Осындай, наразылықтан туындаған көтерілістер бірнеше рет қайталанған.
Соның бірі  – 1822 жылы патша өкіметі  «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) Жарғысы» атты заң қабылдап, қазақ халқының дербестігі болып келе жатқан хандықты жойып, өз билігімен қазақ жерін ашықтан-ашық иемденіп, дініне шектеу қоюға кіріскен.
Бұл зорлық-зомбылыққа төзбеген қазақ батырлары бас көтереді. Орта жүзден 1837-1847 жылдары қарамағында бір мыңнан аса адамы бар Кенесары Қасымұлы мен Марал ишан Құрманұлы, кіші жүзден Жоламан Тіленшіұлы бірігіп, басшылық еткен халықтың ұлт-азаттық күресі басталып, бекіністерді талқандаған.
Дүние жүзі қазақтарының 1992 жылы қазан айында өткен жиылысында Президентіміз Н.Ә.Назарбаев, сол кездегі кері саясатқа: «Әрине, бодандықтың аты – бодандық. Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды», – деп баға берген еді.
Елубай ЖҰМАБАЕВ, ардагер журналист.
Ақтөбе облысы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 750 0