ҚОСТАНАЙҒА ҚОНЫС АУДАРУҒА БОЛАДЫ

Жуырда Жаңақорған, Шиелі  аудандарында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жиын өтті. Оған Қостанай облысынан  ауылдық округінің өкілдері келіп, 433 бос жұмыс орындарының тізбесімен солтүстікке барып жұмыс істеуге ұсыныс жасады.
Жиында Үкіметтің ауқымды бағдарламасы аясында Солтүстік облыстарға халқы тығыз орналасқан әрі жұмыс күші көп оңтүстік аймақтардан азаматтарды ерікті түрде қоныс аударып, еңбек етуге қамқорлық мәселесінің тәртібі ынталыларға кеңінен түсіндірілді. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға нақтылай көмек, қиыннан жол табуына бағыт беру десек те болады.
Осы күні Қостанай облысынан келген өкілдер өз аумағының ерекшелігімен қатар жұмыс іздеушілерге жасалатын жағдайларды егжей- тегжейлі түсіндірді. Мәселен, Қостанайдың Әулиекөл ауданына қарасты, Новосельск ауылдық округі әкімі Байтемір Исмаиловтың әңгімесі былайша өрбіді: «Бағдарлама бойынша Сіздерге түрлі қызметтер ұсынамыз. Біріншіден, көшуге кететін шығын үшін әр отбасы мүшесіне 79 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, үйді жалға алу үшін 1 жыл бойы көмек көрсетіледі. Яғни әр отбасына айына 34 мың теңгеден 68 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Қостанай – табиғаты тамаша өлке. Қысы – ұзақ, жазы қысқа демесеңіз, ауасы – таза, суы – тұщы, қазақтың небір алыптары шыққан өлке!» деп таңдайын қақты.  Ал, Черниговск ауылдық округінің әкімі Нұрғазы Құрманғалиев ауылдарындағы мектепке мұғалім мамандарының аса қажет екендігін айтты. «Пән жүктемесі толық, әрі айлығы да мол, тек балаларға жақсы білім беретін ұстаз болса дейміз, – дейді ол.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының бас маманы Гауһар Жұмашева аталған бағдарламаның артықшылығын тағы да дәлелдеп, одан қалыс қалмауға шақырды. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласындағы  әлеуеті зор солтүстік облыстарда нақты кезеңде мамандар тапшы екендігі еске салынды.  Жиынға қатысушы тұрғындар мәселенің мән-жайына байланысты сұрақтар қойып, көп мағлұмат алды. Соның әсері болар, солтүстікке барып еңбек етуге ынталы тұрғандардың кейбірі алдымен Қостанайға барып, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқанды жөн көрді. Шақырушылар бұған да түсіністік танытты.
Солтүстікке бағытталған бағдарлама үлкен қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан әр адам өзіне қолайлы да пайдалы жұмысқа құлшынып, уақытша қиыншылықтан қорықпағаны жөн.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі, Жаңақорған аудандары.
***
Еліміздің солтүстігіндегі Қостанай облысында 400-ге жуық бос жұмыс орны бар. Бұл туралы А.Тоқтамағамбетов атындағы мәдениет үйінде Әулиекөл ауданы мен Чернигов селолық округінің әкімдері Жансұлтан Таукенов пен Нұрғазы Құрманғалиевтің қатысуымен өткен семинарда белгілі болды.
Солтүстік өңірден келген өкілдердің негізгі мақсаты – қызылордалықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында Қостанай облысындағы бос жұмыс орындарға шақыру. Ол аймақтарда жыл өткен сайын халықтың саны азайып, өндіріске қажетті мамандар тапшылығы сезілуде. Ең алдымен механизаторлар, слесарьлар, дәнекерлеушілер,  сондай-ақ, мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл¬шаруашылық саласының мамандары жетіспейді.
Ж.Таукенов пен Н.Құрман¬ғалиевтердің айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау шаралары, яғни көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар беріледі. Ол аймақтағы ең төменгі жалақы 40 мың теңгеден басталады.
Семинар барысында қонақтар Қостанай облысына көшуге ниет білдірген азаматтарға мемлекеттік бағдарла¬малардың тиімділігі, аудандар¬дың орналасуы туралы айтып, қызыл¬ордалықтардың сұрақтарына жауап берді. Егер сіздің Қостанай облы¬сына көшетін ойыңыз болса, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуларыңызға болады.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 1 157 0