ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАРАСҚАН ӨМІР

Еңбек ауылында тұратын көпбалалы Қаршығаевтар отбасын білмейтіндер кемде-кем шығар. Өйткені, отанасы Фатима Нұрмағанбетова он сегіз ұрпақ өрбітіп, немере-шөбере сүйіп отырған алтын құрсақты ана.
Батыр ана жастайынан нәпақа табу жолында белі бүгіле ер азаматқа бергісіз қара жұмыс атқарды. Ал, жолдасы Сабыт 40 жылдан астам көлік жүргізушісі болған. Бүгінде отасқанына 52 жыл болған ерлі-зайыпты өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көруде. Тепсе, темір үзетін 11 ұл, инабаттылығы ибалығымен үндескен 7 қыз баланы өмірге алып келген ата-ана бүгінде солардың қуанышын қызықтап келеді.
– Балаларым – бізге Алланың  берген  сыйы. Ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеріміздің тәтті қылықтарын тамашаласақ, біз үшін  бақыт деген осы, – дейді Батыр ана.
Ал отағасы байырғы жұмысынан әлі де қол үзген емес. Қазірде жеке автобусымен аудан орталығына жолаушы тасымалдауда. Фатима ананың «Алтын алқадан» басқа мақтау-марапаттаулары да жетіп артылады екен. Атап айтсақ, 1999 жылы «Жыл адамы» атағын алса, кейіннен аудан әкімі «Батыр ана» дипломымен марапатталған. Оған қоса 2005 жылы облыстық әйелдер кеңесі «Өнегелі отбасы» номинациясын тапсырса, Қызылорда қаласының 190, облыстың 70 жылдығына орай «Патшайым ана» номинациясын иеленген.
Күрішті, ырысты ауылда өсіп-өнген балаларының алды шаруашылықта механизатор болып жұмыс жасапты. Екінші ұлы Ауғанстанда әскери борышын өтеген, оқ пен оттың ортасынан ерлікпен оралған. Бір-біріне деген бауырмалдығына жұрт сүйсінеді. Осыншама балаға өмір сыйлаған анамыз жайында тағы бір айта кететін жайт – екі рет егіз сәбиді дүниеге әкеліпті. Балаларды өмірге алып келу қандай қиын болса, оны бағып-қағып, жеткізу де оңай емес екенін айтады Фатима ана. Алайда әр баланың өз несібесі бар. Сол себепті Жаратушы Алла өмір сыйлаған әр пендесін несібесіз қалдырмайтынын айтып, шүкіршілік етеді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 шілде 2017 г. 512 0