
Бауырмал ағасы өлім аузындағы қарындасына бір бүйрегін беріп, құтқарып қалды. Бүгін ол 43-ші көктемін атап өтуде.
Қарындасын құтқарам деп, басын бәйгеге тіккен қызылордалық азаматтың әрекеті ерлікке барабар.
Қос бүйректен айырылып, әл үстінде жатқан Ләззат Тұрсaнова енді толыққанды өмір сүреді. Қуаныш үстіне қуаныш. Бүгін ол 43-ші көктемін тойлауда. Ағасы донор болып, бір бүйрегін берді. Операция сәтті өтті. Қан топтары да 100 пайыз сәйкес болып шықты.
Бүгін Ләззат Тұрсанованың жүзіне күлкі үйріліп, көңілі жай. Қуанбағанда ше, өмірінің біраз бөлігі ауруханада өтті. 100 шақырым жердегі Қызылордаға аптасына 3 рет барып-келудің өзі нәубетке айналған. Енді міне, тынысы ашылып, қол аяғына жан бітті. Өздігінен жүре де алады.
«Бір жарым жыл болды диализге түскеніме. Негізі 10 жылдан бері почкам ауырады. Бірақ 2015 жылы диализге түстім. Егер донор табылып жатса, ота жасауға болады деді. Бірақ елдер 1 жылда емделіп кетеді деп айтқан. Сол үшін күттік, үміттендік» — Ләззат Тұрсанова.
Ләззат Тұрсанованың үміті үзілуге шақ қалғанда, көмекші, дәлірек айтсақ донор табылды. Жақындары оны алыстан іздемей, өз ішінен тапқан. Дерт дендеп, қиналған қарындасының халін көруге ағасы Шертай шыдамапты. 5 баланың әкесі ойланбастан барымен бөлісуді шешкен. Аққа Құдай жақ. Ота сәтті жасалды.
«Наркоздан оянғаннан кейін, өзімнің жағдайымды сұрамай, қарындасымның жағдайы қалай деп сұрадым. Оның халі жақсы екенін білгеннен кейін барып, өз жағдайымды сұрадым шынын айту керек. 6 ай, 1 жылға дейін ауыр нәрсе көтермей, қалған бүйрек екі бүйректің қызметін атқарып, үлкеюуі тиіс. Соған дейін күтінуіңіз керек деді.Сонда жақсы болып кетесіз деді» — ағасы Шертай Тұрсанов.
Ләззат көпбалалы отбасында туып-өскен. 12 баланың ішінде ағасының қан тобы өзімен дәлме-дәл келген. Дәрігерлер де донордың реципиентпен 100% сәйкес келуі көп кездесе бермейтін құбылыс екенін, бірақ нәтижесі де оңды болатынын айтты.
«Ағасы қарындасына өзінің бүйрегін берді. Толық 100 пайыз келіп тұр. Оның нәтижесі де өте жоғары болады. Бір аптаға немесе 10 күнге амбулаторлық ем қабылдауға жібереміз. Реабилитация есебінде, тағы да бізге келеді. Біз оны зерттейміз де, әрі қарай тұрғылықты жеріне барады» — хирург Жақсылық Досқалиев.
Ал, бір анадан туған Шертай мен Ләззатты үйдегі жақындары асыға күтуде. Оның үстіне бүгін – Ләззаттың туған күні. Сәтіне орай жақын-жұрағатынан жүрекжарды лебіз.
«Келе жатқан туған күнің құтты болсын. Ауырма, қосағыңмен қоса ағар. Бүйрегің тамаша болсын…..»
«Бүйрегін беріп, шүкір. Бәрі жақсы болды деп жатыр ғой. Больницадан шықты. Жақсымыз деп жатыр.Бір қызым соларға қоса еріп кетті. Күйеу бала да бар қасында» — анасы Маржан Тұрсынова.
Елімізде биылдың өзінде 342 трансплантологиялық ота жасалған. Ақ халаттылардың айтуларынша, 80 пайыз жағдайда донорлыққа жақын туыстары мен таныстары барады. Ал, өзге 3 жарым мың науқас өздерінің құтқарушысын күтуде.
24.кз