«Дарын» мемлекеттік сыйлығы үшін байқау жарияланды

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы үшін байқау жарияланды. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Құрметті достар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алу үшін байқау жарияланғанын хабарлаймын. Биылғы жылдан бастап «Дарын» жастар сыйлығы жыл сайын беріледі. Бұған дейін сыйлық екі жылда бір рет тағайындалған еді. Жастар сыйлығы ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметтегі жемісті еңбегі үшін талантты жастарға беріледі. Номинациялар қатарына ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет енеді. Сыйлық алу мәртебесіне ие болған азаматтарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi. Аталған сыйлықты тапсырудағы басты мақсат – талантты жастарды анықтау және оларға барыншы қолдау көрсету», - деп мәлім етті министр.

Сонымен қатар, Н.Ермекбаев жас дарындарды конкурсқа қатысуға шақырды.

«Бұл орайда, еліміздегі 29 жасқа дейінгі барша жас дарындарды конкурсқа қатысуға және өздерінің шығармашылық жетістіктерін көрсетуге шақырамын. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай өткізіледі. Үміткерлердің құжаттары 2017 жылдың 19 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінде қабылданады», - деп жазды Нұрлан Байұзақұлы.

Дереккөз: Baq.kz 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 шілде 2017 г. 810 0