Жаңақорғанда тұрғындар теміржол үстінен асар әдісімен өткел салуда

Жаңақорған кентінің іргесіндегі «Саяжай» мөлтекауданы тұрғындарының аудан орталығына қатынауы үшін теміржол үстінен көлік өткелі салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Азаматтар бірігіп, асар әдісімен салынған құрылыс сапасына   аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев  оң бағасын берді.     Шағын аудан тұрғындары көп игілігі үшін еңбек еткен азаматтар қатарында    Әлайдар Әбуов пен Оразқожа Исаевты айтады. Олар «КамАЗ» көлігімен топырақ тасып, ортақ іске өздерінің үлестерін қосыпты.  Жергілікті тұрғын Арафат Бектұрғанов та жеке көлігімен қызмет жасаған. - Жалпы, бұл көпір асар әдісімен салынып жатыр. «Бірігіп істеген істе береке болады» демекші, ағайынның ауызбіршілігі нәтижесінде арман болған асуды еңсердік. Бұл жұмыстарда кент әкімі Аллаберген Ахметов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов пен «Шалқия ЦИНК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмаддин Мұсабаевтың да сіңірген еңбектері аз емес, - деді осы істің басы-қасында жүрген аудандық мәслихаттың депутаты Серік Абдуллаев.


inform.kz 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 шілде 2017 г. 864 0