
Өндіріс орны 2008 жылы ашылған. Серіктестік жетекшілерінің айтуынша, бітпейтін тексеру мен негізсіз айыппұлдар бизнестің берекесін қашырған көрінеді. Қызылорда-Құмкөл кеніші жолының 116-шақырымындағы кәсіпорын қазір қаңырап тұр. Осыдан бір жылдай бұрын мұнда қайнаған тірлік жүріп, 70-тей адам жұмыс істейтін. Мұнай кеніштерін бұрғылау кезінде шыққан қалдықтар мен ерітінділерді қабылдап, 3 қондырғыда залалсыздандырып, түрлі қоспалар қосу арқылы жолға қажетті құрылыс материалдарын шығаратын полигонда былтырдан бері мүлгіген тыныштық.
Балғабек Баймаханов, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы
- Серіктестікте экологиялық талаптардың бұзушылықтары анықталып, оған қатысты нұсқама берілген болатын. Бүлінген, ластанған жерді қайта қалпына келтіру жөнінде. Алайда серіктестік нұсқаманы өз еркімен орындамағандықтан, біз сотқа беруге мәжбүр болдық. Сот шешімі негізінде серіктестікке 1 млрд 800 млн тг қоршаған ортаға келтірген залалды мәжбүрлеп өндіру туралы шешім шыққан болатын. Бірақ кәсіпорын мамандары бұл шешіммен келіспейді. Өйткені тоқсан сайын экологиялық сараптама жүргізіледі және қондырғылар да озық үлгіде екендігін айтады. Альбина Белгібаева, серіктестік технологы: - Біздің экологиялық талаптарды бұзбағанымызды дәлелдейтін барлық деректер бар. Кәсіпорын қалдықтарды қабылдайтын бетонды астаулар, өңдейтін қондырғылар, сондай-ақ өңделген өнімді сақтайтын алаң – барлығымен қамтылған. Айыптаушы мемлекеттік мекеме тиісті тексеру шараларын жүргізбей-ақ айыппұл салып отыр. Біз сотқа дәлелді дәйектемелер ұсыну үшін Алматыдан мамандар шақыртуға мәжбүр болдық.
«Шағын және орта кәсіпкерлік құрылым үшін 2 млрд-ға жуық теңге айыппұл салу, аймақтағы жетекші залалсыздандыру компаниясын біржолата құрдымға жіберумен тең», – дейді кәсіпорын басшылығы.
Сергей Белгібаев, серіктестік директоры: - 2015 жылы 3 сот болды, 2016 жылы да соттан көз ашпадық. Арнайы прокурорлар қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізді. Ештеңе дәлелденбеген соң іс тоқтатылды. Энергетика министрлігінен бастап түрлі инстанцияға 60 хат жаздық. Жоғары сотқа арыздану үшін 54 млн тг мемлекеттік төлем қажет екен. Ондай қаражат жоқ. Бас прокуратура араласып, істің ақ-қарасын анықтап беруін өтінеміз. Зауыт жұмысшыларының неше жылғы маңдай тері, қажырлы еңбегі бәрі далаға кетейін деп тұр. Қазір жеке мекеменің техникаларының жүріп-тұруына да шектеу қойылған. Бәрінен бұрын мұнай қалдықтарының қоршаған ортаға зиянын тигізбеу жолында тер төгіп, қазір табыссыз далада қалған 70 жұмысшының жайы қиналтады. Барлығының үміті Бас прокуратурада болып тұр.
24.kz