Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қорғаны шөгіп барады

Сыр бойында төрт астана орын тепкен. Олар Арал маңын мекендеген сақтардың астанасы – Шірік-Рабат, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы – Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығының астанасы болған – Сығанақ және 1925-29 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы – Ақмешіт (Қызылорда) қалалары. Бүгін сол шаһарлардың бірі – Жанкент жайлы сыр шерткенді жөн көрдік.
Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент туралы тарихи зерттеулер жетерлік. Республикалық санаттағы археологиялық ескерткiштердiң бiрi Жанкент қорғаны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде, Қазалы қаласынан 15 шақырым, Өркендеу ауылынан 1-2 шақырым жерде жатыр.
Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгi Селжүк (түрiк) мемлекетiнiң көсемi Селжүк 935 жылы өзiнiң дүниежүзiне әйгiлi жорығын сол кездегi оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгiлi түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жанкенттi мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түрікмен тайпалары өлтiредi. Сөйтiп, Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт ата аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман бойы билеген кiсiнiң бiрi елге үгiт насихаттаушы, өзi жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбiлғазының түркiмен шежiресiнде оғыз елi әр уақыт Жанкент қаласына жиналып, қайы халқынан инал Яуидi хан көтерiп, оған Қорқыт атаны уәзiр еткенi айтылады. Айта кетейік, Осман империясының негізін қалаған осы қайы тайпасы, яғни қайы халқының ержүрек ұлы Сүлеймен шах, оның баһадүр баласы Ертұғырыл болатын.
Бізге шаһардың орнын көрсеткен Өркендеу ауылының тұрғыны Несібелі Нұрадиннің айтуынша, қалаға 19 ғасырдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қираған қаланың орнын қазу үстiнде араб әрiптерiмен жазылған қыш құмыралар, ХҮ ғасырдың күмiс және мыс теңгелерi, адамның бас сүйектерi табылған.
«Қаланың орнынан адамның сүйектерін қазіргі күні де кездестіруге болады. Себебі, аңыз бойынша Жанкенттi билеп тұрған қатыгез Санжархан Қарабура әулиенiң қаһарына ұшырап, 1150 жылдары қарауындағы халқымен бiрге опат болады. Аңызды тарқатар болсам, Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегімсұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Бегім сұлу аққұсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Үлкендерден естігенім, бергі заманда бір хан қырық молданы әкеліп, дұға оқытқан екен. Соның шарапаты шығар, осы күнге дейін«мұнда адамды жылан шақты» деген әңгімені естімеппіз. Бірақ, бала кезде жыланды көп көретінбіз, төсегіміздің астынан шығатын, киіз үйдің уығында оратылып тұратын», - дейді ол.
Ал өзге деректерде 1219 жылдың күзінде Жанкентке моңғол әскері шабуыл жасағаны, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жiбергенi, отқа оранған қаланың үстiмен қаһарлы Жошы ханның шауып өткенi, халықтың арада көптеген жыл өткен соң есiн жиғаны, сауда мен қолөнер кәсiбі дамығаны, ХIҮ ғасырда бұрынғы қалпына келгенi, жаңа Жанкенттің араб-мұсылман мәдениетiнiң орталығы саналғаны, тағы бiр ғасыр өткен соң мәңгiлiкке жойылғаны баяндалады. Яғни, ХҮ ғасырдан берi қаланың көне тарихтың куәсiндей томпиып орны ғана жатыр.
«Жанкент қорғаны түйе мен биенің сүтіне иленіп соғылған деп айтатын еді көне көздер. Қабырғаның арасынан қамыс көрінеді, әлі күнге дейін сол күйінде сақталған, еш шірімеген. Аумағы төрт шаршы шақырым жердi алатын қасиеттi де қасiреттi Жанкентті «Ақ қала» дейтін едік кезінде. Қаланың күншығыс қапталынан қоршап жатқан қорғанның қалыңдығы екi метрден асатын. Әрі о шеті мен бұ шетіне шейін бүтін және биік еді. Бала кезде қорғанның үстімен жүріп, жүгіріп ойнайтынбыз. Қазір қорғанның қабырғалары құлап жатыр, үйіндіге айналуда. Күннен күнге құрып, шөгіп бара жатыр. Соған ішіміз удай ашиды. Тарихи қонысты қалай қорғап қаламыз?Осы жайт бізді қатты толғандырады. Ал шешем айтатын: «Қорғанның жанындағы төбелерге әрең еңбектеп, өрмелеп шығатын едік» деп. Қазір бәрі аласарып қалды»,- дейді Өркендеу ауылының кітапханашысы Несібелі Нұрадин.
Орта ғасырлық шаһардың құпиясын білгісі келетіндер көп. Облыстық бюджеттен де қаржы бөлініп, археологиялық зерттеу шаралары жасалуда. Сондай-ақ қалашықты ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу жоспарда бар. Дегенмен, тарихи қаланың орны жаңбырмен жел, қар астында шөгіп бара жатқаны ауыл тұрғындарының жанына батады.
Жанкент қорғанынан бөлек, оның іргесінде орналасқан Өркендеу елді мекеніне де ат басын бұрдық. Мұнда тұрғындармен тілдескенімізде ауылының атауын «Жанкент» деп өзгерткісі келетіндерін жеткізді. Тіпті, тиісті орындарға ұсыныстарын да жолдаған.
«Жанкент атауын жаңғыртуымыз керек. Тарихи қаланың үстінде қоныс теуіп отырып, ауылымыздың атын «Жанкент» қоймасақ бізге сын болады. Ауыл тұрғындары болып жиналып, мәжіліс құрып, жоғары жаққа тілегімізді білдірдік. Енді оң шешім шығады деген үмітіміз зор. Бұл бір жағынан туристердің қызығушылығын оятуға себепкер болады деп ойлаймыз», – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев.
БАҚ.КЗ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 шілде 2017 г. 971 0