
Жауапсыз өндірушілер қатаң жазаланып, қомақты айыппұл төлеуі тиіс.
Пышақпен кесе бергенім сол еді, қақталған шұжықтың арасынан темірдің бөлшегі жарғақ құлақ секілді салбырап шыға келмесі бар ма? «Бүгін мені періштем қақты. Ертең осындай жайтқа өзгелер кезіксе ше?» деп іштей қапаланып, журналистік тәуекелге бел будым. Насырға шапқан келеңсіз істі аяғына дейін жеткізуді жөн көрдім. Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластым. Ондағылар әрнәрсені сылтауратып, ақыры басшылардың рұқсатынсыз ақпарат бере алмайтындарын көлденең тартты. Бір кезде басқарма жетекшісінің орынбасары Татьяна Горловаға қолымыз жетті-ау! Ол шағым иесін қолдаудың орнына «Бұдан түк өнбейді. Өйткені, шетелдік өндіруші компанияларға шара қолдана алмаймыз. Ал сатушының кінәсі жоқ», деп үмітімізді шорт үзді.
«Жазған құлда шаршау жоқтың» керімен тауарды зертханада тексеріп алуды ұйғардым. «Кез келген тауар өндірушіге азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шарт-талаптарын қоя білмесек, болашақ ұрпақ денсаулығы не болмақ?» деген оймен хаттаманы қолтығымызға қыстырып, емен есікті еркін аттап кірдім. «Қырсық қырық ағайынды» деген рас екен. Зертханадағылар тауардың сыртындағы таңбалау қағазын /маркировка/ талап етті. «Болмаған, жоқ дүниені қайдан табамын?» деп қанша безек қақсам да, маңайларына жуытатын түрі көрінбеді. Әділдіктің түбіне жетем бе деген ойым көзден бұл-бұл ұшып, өрекпіген көңілім су сепкендей басылып қалды.
«Дауды шешен бітірмейді, шебер бітіреді» демекші, қоғамдық ұйымның қызметіне жүгінуден басқа амал қалмады. Облыстық кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубоваяға мән-жайды түсіндіріп едім, бірден іске кірісті. «Мұндай жауапсыздыққа әсте жол беруге болмайды. Жазасын тарттыру керек. Қажет болса, сотқа дейін дабыл қағамыз» деп, көңілімді көтеріп тастады. Ұзын сөздің қысқасы, 30 жылға жуық тұрғындардың түйткілді мәселелерін шешіп беруде ілкімділік көрсетіп жүрген Надежда Владимировна өндіруші компаниядан 50 мың теңге моральдық шығынды заматта өндіріп бергізді.
Ал менің басымнан өткен сергелдеңге, болмаса осыған ұқсас жайттарға заңға шорқақ, қарапайым адамдар тап болса, шұжық орнына темір шайнап отыра бермек пе?
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы