Жол қозғалысын реттейтін заңнамаларға қандай өзгерістер енгізілді?

Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 3 шілдедегі №83-VI Заңымен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жасалып, 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген болатын.
Осыған орай, жол жүрісі мәселелерін реттейтін заңнама жанданып, бірнеше баптар өзгерді. Атап айтқанда, бұрынғы редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 46-бабы 4-бөлігінде «көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруды – көлік құралын масаң күйде басқару не масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды» деп көрсетілсе, жаңа редакциядағы заңнамаға сәйкес көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін мүгедектерді көлік құралдарын басқару құқығынан 3 жылға айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Бұдан бөлек, аталған кодекстің 596-бабы 3-бөлігінде қарсы жолаққа шығуға тыйым салынған жерлерде жолдың қарсы бетіне шыға отырып, бұрылу немесе кері бұрылу сынды әрекеттерді жасағаны үшін көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы нақтыланды.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабы 1-бөлігінде жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіштен 3 айлық есептік көрсеткішке төмендеген.
Ал 613-бабының 4-бөлігінде ішкі істер органдарының, әскери полиция органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамауы көлік құралдарын басқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыруға әкеп соғатын болса, ал қазір 3 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.
Сонымен қатар "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының жол жүрісі қағидалары ережелерінің 22-бөлігінің 6-тармағының 5-тармақшасында «түнгі уақытта (сағат 23-тен 06 сағатқа дейін) жолаушылар мен багажды қалааралық, облысаралық, ауданаралық және халықаралық қатынастарда автобустармен және микроавтобустармен тұрақты емес тасымалдар арқылы тасымалдауға тыйым салынады» делінсе, қазіргі таңда бұл талап та алынып тасталды.
Полиция қызметкерлері автокөліктерді тоқтатқаннан кейін дереу автокөлікке жақындап, өзін-өзі таныстырып, жүргізушілердің сұрауы бойынша қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіріп және жылдамдық өлшеуіш құралын пайдаланған жағдайда, деректерін көрсетуге міндетті. Ал жүргізушінің міндеттеріне полиция қызметкерлерінің тоқтау талабы бойынша тоқтап, олардың заң аясында барлық талаптарын орындау міндеті белгіленді. Бұдан бөлек, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекетін тіркеу үшін көлік құралын тоқтатқан жағдайда жүргізушілерге фото және бейнежазбаға түсіру құқығы заң жүзінде бекітілсе, жаңа заңнамадан «ішкі істер органдары қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушының көлік құралын тастап кетуіне тыйым салынады» деген норма енді алынып тасталынды.
Әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыру жөніндегі міндеттілік алынып тасталынды.
Уәкілетті органның лауазымды тұлғаларына жол жүрісі саласында нұсқамалар шығару бойынша құзырет берілді, бұрын осындай өкілеттілік жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторға ғана берілген болатын. Сондай-ақ, жаңа редакциядағы заңнамаға сәйкес жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедті айдап жүруге тыйым салынды.
Аталған өзгерістер заңды негізде бекітілді және қолданысқа енгізілді. Сондықтан, әрбір тұрғыннан және көлік иелерінен автокөлікпен жүргенде жол жүру ережесін қатаң сақтауларын сұраймыз.

Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 шілде 2017 г. 598 0