WSB финалы: «Астана арландары» кубалық боксшыларды тізе бүктірді

«Қазақстан» спорт кешенінде Бүкіләлемдік бокс сериясының 7-ші маусымының финалында «Аstana Arlans» кубалық «Cuba Damadores» командасын 6:5 есебімен жеңді.

Куба боксшылары аталмыш бокс сериясында чемпиондық атаққа ие. Сондықтан Астанадағы жекпе-жекте олар өз атақтарын қорғау үшін бар күшін салды. Қос команда арасындағы кездесу өте тартысты өтті. «Астана арландары» 5 кездесуде кубалық боксшыларға есе жіберсе, 6 жекпе-жекте басым түсті. Осылайша астаналық команда WSB нұсқасы бойынша 3-ші рет әлем чемпионы атанды.

49 келі

Теміртас Жүсіпов (48,86) – Йоханус Аргилагос (48,8)

1-раундтан-ақ Теміртас қарсыласын ауыр соққылардың астына алды. 2-раунд та қазақстандық боксшының басымдығымен өтті. Алайда Йоханус Аргилагос сауатты қорғана білді. Тіпті 3-ші раундта басымдықты өз қолына алуға тырысты. Бірақ жерлесіміз намысты қолдан бермеді. 4-ші раундта қарсыластар алма-кезек соққы алмасты. Шешуші раундта қос боксшы жеңіске жету үшін бар күшін салды. Төрешілердің шешімімен Теміртас Жүсіпов Йоханус Аргилагостан басым түсті. Есеп 1:0.

56 келі

Ілияс Сүлейменов (51,76) – Хавьер Ибаньес (55,7)

Бірінші раундта қос қарсылас бірін-бірін бақылаумен болды. Екінші раундта Ілияс Хавьерге бірнеше соққысын дөп тигізді. Кубалық боксшы нокдаунға түскендей көрінген. Алайда төреші есеп ашқан жоқ. Үшінші және төртінші раундта Хавьер Ибаньес ширақ қимылдап, бірнеше соққысын дарытты. Дегенмен соңғы раундта Ілияс Сүлейменов басымдық танытты. Нәтижесінде қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Есеп 2:0. «Астана арландары» командасының пайдасына шешілді.

91 келі

Антон Пинчук (90,25) – Эрисланди Савон (90,2)

Кездесу басталысымен Эрисланди Савонның басымдығы байқалып тұр. Үшінші раундта қос боксшы тең түсті. Төртінші раундтан бастап қазақстандық боксшы ширақ қимылдап, Эрисландиге бірнеше соққы жасады. Алайда барлығы кеш еді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Антон Пинчук қарсыласына жол берді.

64 келі

Ділмұрат Мижитов – Энди Круз

Кездесу өте тартысты өтті. Соңғы раундтарда Ділмұрат Мижитовтың бірнеше соққысы қарсыласына дөп тиді. Жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген кубалық боксшы да аянып қалған жоқ. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Энди Круз жеңіске жетті. Осылайша есеп 2:2 болып теңесті.

75 келі

Әлімхан Аманқұл (75) – Арлен Лопес (74,4)

1-ші раундта боксшылар да ашық шабуылға шыққан жоқ. 2-ші раундта Рио Олимпиадасының чемпионы Арлен Лопестің Әлімханға жасаған соққылары дөп тиіп жатты. Алайда Қазақстан чемпионы сасқан жоқ. Сауатты қорғанып, орайы келгенде кеткен есесін қайтаруға тырысты. Алайда төрешілердің шешімімен Олимпиада чемпионы жеңіске жетті.

Бұл жеңіс «Cuba Damadores» командасының алға шығуына мүмкіндік берді. Есеп 2:3

81 келі

Арман Рысбек (80,5) – Хулио Сезар Ла Крус (80,65)

Бұл - көрермендер асыға күткен жекпе-жектердің бірі. Рио Олимпиасының финалында қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов Хулио Сезар Ла Крустан жеңіліп, күмісті қанағат тұтқан. Жанкүйерлер осы кеткен есені Арман қайтарады деп үміттенді. Өкінішке қарай кубалық боксшы бұл жолы да жеңіске жетті.

Ал «Cuba Damadores» командасы ұпайын еселей түсті. Есеп 2:4;

52 келі

Олжас Сәттібаев (51,8) - Йосбани Вейтиа Сото (51,4)

Олжас шаршы алаңға шығысымен қарсыласын дүркін-дүркін соққының астына алды. Алайда Йосбани Вейтиа Сото да есесін жібермеуге тырысты. Бес раундтың қорытындысы бойынша Олжас Сәттібаев кубалық боксшыға жол берді. Есеп 2:5.

91+ келі

Олжас Боқаев (100 келі) – Йондри Тоираки (113,5)

«Аstana Arlans» командасы үшін бұл кездесу өте маңызды еді. Сондықтан Олжас Боқаев намысты қолдан бермеуге тырысты. Жекпе-жекте қазақстандық боксшы Йондри Тоиракиге ауыр соққыларын дарыта білді. Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Боқаев жеңіске жетті. Осылайша «Аstana Arlans» командасы тағы 1 ұпай еншіледі.

64 келі

Зәкір Сафиуллин (60) - Лазаро Альварес (59,66)

Қос боксшы арасындағы кездесу тартысты өтті. Зәкір жеңіске жету үшін бар күшін салды. Кубалық боксшы да аянып қалған жоқ. 5 раундтың нәтижесі бойы Зәкір Сафиуллин жеңіске жетті. Есеп 4:5.

69 келі

Асланбек Шымбергенов (69) – Роньель Сотолонго (68,55)

Кездесуде Асланбектің басымдығы көзге ұрып тұрды. Алайда Роньель Сотолонго да оңайлықпен беріле қойған жоқ. 5 раундқа созылған жекпе-жекте Асланбек Шымбергенов қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде қос команда арасындағы есеп теңесті - 5:5.

Осылайша «Аstana Arlans» пен «Cuba Damadores» командасының тағдырын қосымша жекпе-жек шешетін болды.

52 келі

Олжас Байниязов (51,94) – Фрэнк Залдивар (51,82)

Шешуші жекпе-жек өте тартысты өтті. Олжас Байниязов ә дегеннен басымдықтыбермеуге барын салды. Ол сауатты қорғана жүріп, Фрэнк Залдиварды соққының астына алды. Төрешілердің шешімі Олжас Байниязовқа жеңіс әкелді. Осылайша, астаналық команда WSB нұсқасы бойынша 3-ші рет әлем чемпионы атанды.

Суреттерді түсірген Абзал ҚАЛИЕВ
 

Дереккөз: Baq.kz.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 шілде 2017 г. 512 0