Бүгін, 24 қаңтарда түс әлетінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев басқа да ел ағалары Қазалы ауданына келді. Меймандардың алғашқы аялдағаны «Жанқожа батыр» кесенесі болды.
Жұртшылық алдында облыс әкімі биылғы жылдың Қазалы ауданында Жанқожа батырға арналып, соған орай ауқымды шаралар атқарылатынын жеткізді. Аудан орталығындағы Жанқожа батыр атындағы мешітінің іргетасы бұдан бірнеше жыл бұрын қаланған еді. Алайда, бір себептермен оның құрылысы уақытша тоқтап қалды. Құрылыстың негізгі демеушісі жерлесіміз, қоғам қайраткері Дархан Бердалиев болғанын атап кету ләзім. Өткен жылы аудан тұрғындарының қолдауымен мешіт жалпыхалықтық құрылысқа айналды. Бүгінгі мешіт толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мешітке бір мезгілде 700 адам сияды деп есептелген. Өзінің құттықтау сөзін «Мешіттер мәдени және рухани ағарту орталығы болуы керек. Біз ата-бабадан жеткен салт-дәстүрімізбен өнегелі өз жолымыз бар ел екенімізді есімізден шығармауға тиіспіз» деген Елбасымыздың сөзінен бастаған облыс әкімі бабалар есімін ардақтау бүгінгі ұрпақ парызы екендігіне тоқталды. Мұнан соң Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев, генерал-лейтенант Әлімжан Ерниязов, Дархан Бердалиевтің анасы Лиза Кәрімқызы және басқалары ақ тілектерін білдірді.
Мәдениет орталығында өткен жиынға төрағалық жасаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгінгі кездесуге арқа болып отырған Елбасымыздың Жолдауын кең тұрғыда талқылауға шақырды. Жолдауда қозғалған маңызды мәлімдемелер Сыр өңіріне де серпін әкелерін жеткізген облыс әкімі «Өткен жылы күріштен мол өнім жиналды. Жоғары сапалы күрішті 45 теңгеден сатып алу белгіленді. Салық жинау бойынша 2012 жылмен салыстырғанда облыс жоғары көрсеткішке жетті. Балық, мал шаруашылығына байланысты сараптама жасалды. Мәдени мұраға байланысты ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Өңдеу кәсіпорындары, цехтар ашу, «Сыбаға» бағдарламасының сыйын көру, мүгедектерге қамқорлық жасау басты парызымыз. Үш ауысымда оқитын мектептердің жайы толық шешілді» деді.
– «Ауылына қарап азаматын таны» дейді қазақ. Орталарыңызда «Қазақстанның Еңбек ері» Абзал Ералиев тұр. Осынау жігерлі азамат туған ауылының гүлденуіне қатты көңіл бөледі. Мұны Абзал ақшасы асқандықтан емес, перзенттік парызым деп жасайды. Қазалылық Имандосов Самұрат та Мұратбаев ауылына лайықты еңбек жасап жатыр» деді облыс әкімі жұртшылық алдында.
Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев Абзал Жұмашұлына қазалылықтар атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. «Қазақстанның Еңбек ері» Абзал Ералиев Жолдауға қатысты ойын ортаға салып, өзіне көрсетілген құрмет үшін баршаға ризашылығын жеткізді.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.