«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында азаматтарды партия қатарына қабылдау салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«18 қазақстандық «Нұр Отан» мүшесі атанды. Жастарды Президент партиясының қатарына өтулерімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай айтулы сәттің Астана күнімен тұспа-тұс келуі тегін еместігіне назар аудартты», - делінген баспасөз хабарламасында.
«Бүгін Елбасымыз Астана төрінде бәріміз үшін құндылық саналатын - көк Туымызды көтеріп, үлкен мерекенің басталғанын паш етті. Биылғы Астана күні бұрынғылардан ерекше. Ол әрине бүкіл әлемнің назарын аударған ЭКСПО халықаралық көрмесімен тікелей байланысты. Қалыптасқан дәстүрге сай осынау керемет мереке қарсаңында біз партиямыздың қатарына елге, Елбасына қызмет етуді қалайтын жастарымызды қабылдаймыз. Өмірлеріңіздегі айтулы сәттің Астана күнімен тұспа-тұс келуі ерекше мақтанарлық жайт. Өйткені, Астана бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы, әлем көз тіккен еліміздің жақұт-жауһары. Бүгінде Астанамыз ешқандай әсірелеусіз әлемдегі ең әсем әрі ең ірі қалалардың біріне айналды. Бұл Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Сондықтан осынау күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Партиялық билеттерін алғандар сапында «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының жеңімпаздары - ақтөбелік Нұргүл Бертілеуова мен астаналық Назгүл Бажаевалар, «Нұр Сұңқар» жүлдесінің иегері, журналист Анар Каринтаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Алтынай Жорабаева, жас кәсіпкер Айжани Нұрланова, дәрігер-нейрохирург Ерлан Аяғанов, докторант Жангелді Шайымбетов, асыл тұқымды жылқы малын өсірумен айналысатын жас шаруа Төлеби Жақыбаев, құрылысшы-инженер Константин Оразаев, «Қазфосфат» ЖШС пеш бөлімінің бастығы Ерлан Мыңжасаров, ғалым, мал дәрігері Мұрат Кәкішев, металлург Таңжарық Төлеу, пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы, Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі Кирилл Остапенко, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі еріктілер бапкері Сабыржан Кеңшілік, дзюдо және самбодан Азия мен Қазақстан чемпионы Сұңғат Жұбатқан, «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымы Вера Ким, экономика ғылымдарының докторы, петропавлдық Евгений Кендюх және денсаулық сақтау саласының үздігі, шымкенттік Жанат Тоғайбеков болды.