Қасқыр ұрған қария

Қызылорда облысы Әйтеке би кентінде Еділхан Көшенов деген ақсақал тұрады. Сексеннің сеңгірінен асқан қария жасында аңшылықпен айналысып, әбден «азартына» түскен екен. Тіпті, қолындағы қанжарымен көкжал қасқырды ұрып алған. Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі арланмен алысқан сәтін өз аузынан есту үшін қарияның үйіне барды.
Келген шаруамызды айтқан соң ақсақал көп іркілмеді, көкейінде жүрген сырды ақтарыла баяндады.
«Жастау кезім. Бір күні Қарақұм жақта тұратын Тұрсынбай есімді құрдасым ауылына жеткізіп тастауды өтінді. Екі аяқты мотоциклмен жолға аттандық. Былай шыға бере Тұрсынбай: «Жолшыбай көре кетейін, құрған қақпаным бар еді. Осыдан біраз күн бұрын баспағымды бір қасқыр жеп кеткен. Соның өлексесіне көршім екеуміз екі қақпан құрғанбыз», – дейді. Әне-міне дегенше екеуміз заулатып, қақпан құрылған жерге де жеттік. Қақпан құрылған маңайдың ойран-ботқасы шығыпты, астан-кестен. Бірдеңе іліккені анық. Мотоциклден түсіп қарағанда қақпанға арлан қасқыр түскенін сездім. Бірақ босанып кетіпті. Уақытты жібермей ізіне түстік. Қасқыр деген адамдай есті мақұлық қой. Қақпан сүйретпесінің ізі түсетін жерге келгенде оны қақпанымен қоса тістеп, көтеріп кетеді», – деді Еділхан ата.
Аңшылар алыстағы «Нарынбайдың құмына» қарай бет алды. Құтылмасын сезді-ау, бір төбе баурайындағы бір түп сексеуілге құйрығын беріп отыр екен.
«Ал келсеңдер, келе беріңдер» дегендей, бізге тісін ақсита қарайды. Ендігі мақсат – қалайда қасқырды соғып алу. Менде мылтық жоқ, етігімнің қонышында тығулы қанжар пышағым бар еді. Күпәйкемді шешіп, қасымдағы досыма сол қолымды ораттым. Ойым қасқырға қарсы барып, маған қарай атылған кезде ораулы қолымды аузына тоса қойып, екінші қолыммен пышақпен жайрату. Мысықтабандап бір басып, екі басып, қасқырға жақындай бердім. Екі көзім қасқырда. Бұрынғылар қандай да бір жыртқыштың көзіне тура қарасаң, тайсалады дейтін. Сол айтқандай, қасқырдың көзінен көзімді алмай төрт метрдей келгенімде көкжал арылдай атылды. Ораулы қолымды тосқаным сол қасқыр да ауыз салды. Сол сәтте арқамнан оңдырмай соққаны сондай есеңгіреп барып, түзелдім. Егер тура басымнан тигенде не болар едім. Құдай бір сақтады. Ойлануға мұрша жоқ, пышақты қасқырға салып кеп жіберіп бір бұрадым. Көкжал сылқ түсті. Пышақ тура жүректен тиген болу керек, жансыз қалды. Қасқырды астыма ала құладым. Бір шамадан соң жыртқыштың өлгенін біліп, орнымнан тұрдым. Сонымен қасқырдың терісін сыпыруға кірістік. Сонда ғана білдім. Үсті-басым қара қан болыпты. Сол қолымдағы бір саусағымның басынан қан ағып тұр», - дейді қария.
Еділхан ата көкжалмен арпалыс кезінде қасқырдың аузына қалай түсіп кеткенін әлі күнге дейін білмейді. «Етқызумен байқамаған болуым керек» дейді. Саусағын шайнап жіберсе керек, тырнағының жартысы жоқ екен. Аңшы қария сол қолындағы молақ саусағын көрсетті.
Аңшыны жастайынан танитын қызылордалық Мұңсызбай Әбубәкір:
«Аңшы адамның әңгімесі қашанда қызық, тыңдай бергің келеді. Өзім бұл кісіге жолыға қалсам, аңшылығы жөнінде сұрай бастаймын. Бір таңғалатыным, Еділхан аға жүректі, қорқуды білмейді. Ит болсын, қасқыр, қабан болсын, басқасы болсын қорықпайды», - дейді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2017 г. 695 0