Бүгін, 24 қаңтарда облыс әкiмi Қырымбек Көшербаев бастаған Елбасы Жолдауын ақпараттық-насихаттау тобы Арал ауданын аралады. Топ құрамында Еңбек Ерi, облыстық күрiшшiлер бірлестігінің төрағасы Абзал Ералиев, маслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар қоғамдық бірлестігі мүшелері бар.
Арал ауданына келген ақпараттық-насихаттау тобы алдымен "Тағзым алаңына" барып, гүл шоқтарын қойды. Әрі қарай топ мүшелері тарихи-өлкетану мұражайын аралады. Бүгінгі таңда музейде 8 мыңға тарта жәдігерлер бар, олардың екі жарым мыңы көрме залдарына орналасқан. Музей негізінен 6 көрме залдарынан тұрады. Мұнда 9 адам қызмет жасайды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бастаған топ аудан активімен кездесіп, Елбасы Жолдауын талқылады. Облыс әкімі: «Терең мағынаға ие жаңа Жолдау – ең алдымен егемен еліміздің жарқын болашағына бастар бағыт» - деп атап өтті. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларға сәйкес аймақта бірқатар игі бастама жүзеге асырылуда. Мысалы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдік газ құбырының құрылысы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі, «Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы осыған айқын дәлел бола алады. «Мәңгілік Ел идеясы ұсынылған биылғы Жолдау еліміздің кемел келешегіне жол сілтеді. Онда айтылған әрбір бағыт-бағдар мен міндеттер ел өмірі үшін ерекше маңызға ие», - деп сөзін қорытындылай келе, облыс әкімі аудан тұрғындарын Елбасы идеясының аясына бірігіп, ол жүктеген тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырды» делінген облыс әкімдігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада.