Елімізде ағзаларын алмастыруды қажет етітін 3,5 мыңнан астам пациент бар. Бұл туралы бүгін ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz.
ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Әділет министрлігінің, ведомстволармен, ғылыми-зерттеу институттарымен, үкіметтік емес ұйымдардың және медициналық ұйымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел шеңберінде Қазақстанда трансплантацияны дамыту туралы барлық қатысушылардың пікірін тыңдау барысында баяндады.
Ағзалардың трансплантациясы - бұл ағзаларды қабылдамайтын ауыр жағдайсыз өтетін, табысты транспланттау үшін дайындалған базаны талап ететін жоғары технологиялардың көпқырлы мультидисциплинарлық бөлімі.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда ағзалар мен тіндерді транспланттау бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Республика бойынша ағзалар мен тіндерді трансплантациялаумен тиісті барлық ресурстық талаптарға сәйкес келетін 9 ірі медициналық орталықтар айналысады», – деп хабарлады Ажар Төлеғалиева.
Ол нормативтік – құқықтық базаның барын, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде арнайы 27 тарау, 169,170,171 баптары бөлінгені туралы хабардар етті.
«Барлық операция тегін, мемлекет есебінен жасалады. Басты мәселе донорлардың жетіспеушілігі. Терминалдық ағзалық жеткіліксіздігі бар пациентке, өмір сүруге мүмкіндік беретін жалғыз емдеу әдісі бұл - транспланттау болып табылатынын атап өту қажет. Отандық трансплантология өз кезегінде, мемлекетке құтқарылған өмір, мүгедектікті азайту, отбасын құру мен нәрестелердің өмірге келуіне ықпал етеді», - деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры.
Халықаралық сарапшылардың зерттеуіне сәйкес, бір жылда 1 млн. халыққа шаққанда органдардың трансплантациясы есептік қажеттілік санының: бүйрек – 74,5; жүрек – 67,4; бауыр – 59,1; ұйқы безі – 13,7; өкпе – 13,7; өкпе–жүрек кешені– 18,5 құрайды.
«Қазақстандық күту парағында ағзаларын алмастыруды қажет ететін 3,5 мыңнан астам пациент тұр, олардың басым бөлігі – 2700 адам – бүйрек трансплантациясын қажет етеді. 500-ге жуық пациенттерге бауыр қажет, 150-ден астам қазақстандықтарға жүрек және бірен-саран жағдайларды - 4 адамға өкпе трансплантациясы қажет. Соған байланысты, өмірге үміт сыйлайтын еліміздегі донорлықты дамыту үшін барлық Қазақстан азаматтарының жан-жақты қолдау көрсетулерін сұраймыз» - деді Ажар Төлеғалиева.
Еске сала кетсек, жуырда дәрiгерлер қайтыс болған 22 жастағы азаматтың органдарын туыстарының рұқсатынсыз алған. Осыған қатысты, денсаулық сақтау министрi де өз пiкiрiн бiлдiрген едi.