Облыстық сот журналистерді құттықтады

 
Бүгін Қызылорда облыстық сотында байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, олардың сот жүйесі жұмысын жариялаудағы орасан зор еңбегін атап өтіп, кәсіби репортаждары үшін алғысын білдірді.
«Мен сіздердің риясыз еңбектеріңізге үлкен ризашылығымды білдіремін. Сіздерге шабыт, үздіксіз шығармашылық ізденістер, жаңа идеяларыңыз бен жобаларыңыздың табысты іске асуын тілеймін», - деді Қамбар Нұрышев.
Жиын барысында журналистер арасында өткізілген «Сот репортері» шығармашылық және 2017 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарының үйлестіруші судьялары мен мамандары арасында өткізілген «Үздік үйлестіруші судья», «Үздік баспасөз хатшы» байқауларының қорытындылары жарияланып, байқау жеңімпаздары марапатталды.
«Сот репортері» байқауының қорытындысы бойынша «Толқын» газетінің тілшісі Лаура Әйтімова бас жүлдеге лайық деп табылды. Ал, бірінші орынды - Қызылорда қоғамдық телеарнасының тілшісі Дәулет Қырдан, екінші орынды - «Халық» газетінің тілшісі Жансая Жүнісова, үшінші орынды - «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы Альбина Байдүйсенова мен «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Айнагүл Манабаева иеленді.
«Үздік үйлестіруші судья» байқауы бойынша бірінші орынға Қызылорда қалалық сотының судьясы Камшат Садуақасова, екінші орынға Шиелі аудандық сотының судьясы Әлия Түбекбаева және үшінші орынға Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Сәуле Өтегенова ие болды.
Сондай-ақ, «Үздік баспасөз хатшы» атағымен Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Хизатова Роза Мирқызы марапатталды.
Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев байқауға белсене қатысқан журналистерге алғысын білдірді.

 

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 маусым 2017 г. 618 0