
Бүгін ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев бейнеконференциялық байланыс арқылы аймақтармен халық алдында есепті кездесуін өткізді. Онда Министрліктің қызметі және ведомствоның болашақ жоспарлары туралы баяндады.
Министр, соңғы жылдары бірнеше бағыттар бойынша қабылданған шараларды атап өтті. Олар ұлттық заңнаманы қалыптастыру, құқықтық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету және сот сараптамалық қызметті ұйымдастыру.
Әділет министрі былтырғы жылы заң шығарушылық жұмыс жоспары толығымен орындалғанын атап өтті. Яғни, Парламентке 18 заң жобасы түсіп, Президенттің және Үкіметтің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс 13 заң жобалары әзірленіп, Парламентке енгізілген. Сондай-ақ, депутаттардың бастауымен 7 заң жобасы әзірленген. Одан әрі М.Бекетаев министрліктің елден тыс жұмысы туралы да баяндады. Онда мемлекет мүддесін халықаралық арбитраждар мен шетелдік соттарда қорғау қызметінің нәтижелерін айтты.
Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 13 жылда ҚР Әділет министрлігі арбитражды және шетелдік соттарда республика мүдделерін 17 млрд 400 млн АҚШ долларына қорғаған. «Былтыр Лондон қаласының Жоғары Әділет соты ҚР пайдасына 22 млрд 600 млн теңге сомасында моңғол компаниясының талап арызын қанағаттандырмады. Түркия Республикасының Жоғары соты да түрік азаматының 3 млрд 300 млн теңге сомасындағы аппеляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ», - деп атап өтті. Сондай-ақ, мекеме деректеріне сәйкес, биылғы наурыз айында Лондон қаласының Жоғарғы Әділет соты «Руби Роз Агрикол» ЖШС өтінішімен 2013 жылдың 1 тамызындағы төрелік шешімнің күшін жоюға қатысты сот процесінде Қазақстан Республикасының пайдасына шешім қабылдаған. Аталған арбитраждық шешіммен 214 миллион АҚШ долларынан асатын талап арыз кері қайтарылды. 6 маусым күні Ағылшын соты еліміздің пайдасына 500 млн доллардан асатын сомаға шешім шығарды. Сот ҚР Әділет министрлігінің Қазақстанға қарсы арбитраждық істе алаяқтық фактісі болуы мүмкін деген дәлелдерімен келіскен. «Бұл бағыттағы жұмыстардың басты аспектісі болашақта орын алуы мүмкін даулардың алдын алу. Біздің қызметкерлер жер қойнауын пайдаланудың, түрлі әлеуметтік маңызы бар салаларда инвестициялық келісімдер мен шарттарды талқылау бойынша келіссөздерге белсене қатысады», - деп түйіндеді М.Бекетаев.
Ведомство басшысы Конституциялық реформаның іске асырылуы жөнінде, сондай-ақ Әділет министрлігінің жүргізіп жатқан реформалары жайында айтты. Яғни, заңнаманы оңтайландыру және айыппұлдарды айтарлықтай төмендетуге бағытталған ҚР ӘҚБК-не бірқатар өзгертулер мен толықтырулар әзірлеген.
Әділет министрлігі негізгі проблемалардың бірі адвокаттардың жеткіліксіздігі деп санайды. Ведомство көрсетілген проблеманың біртіндеп шешілуін жоспарлап отыр.
Баяндама соңы қабылданған заңдар аясында өткізілген жұмыстарға арналды. Атап айтқанда, сот актілерін орындау және сот сараптамасы салаларына.
Елімізде жеке сот орындаушылар институты енгізілгелі 4,5 мыңнан астам лицензия берілген. Бүгінде жеке сот орындаушылар республиканың барлық аумақтарында, тіпті аудандарда да қызмет етуде екен.
«Азаматтардың ерекше қиындыққа түскен сәттердің бірі берешектіктің кесірінен ел аумағынан шығуға мүмкіндіктің болмауы еді. Кей азаматтар қандай себеппен тыйым салынғаны жөнінде, өздері де білмеді. Бұл проблеманы шешу мақсатында Министрлік «Қазпошта» АҚ-мен бір мезетте тыйым салу алынатын терминалдарды енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Мұндай терминалдар Қазақстанның бес қаласында орнатылып, (Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шымкент) тестілеу режимінде қызмет етуде. Жыл ішінде оларды елдің барлық әуежайларында іске қосылады», - деді Әділет министрі.
Сонымен бірге, Министр көрсетілген салада бірқатар проблемаларды атап өтті. Оның бірі сот медициналық қызметі ғимараттарының және бөлмелерінің материалдық-техникалық және санитарлық-гигиеналық жағдайының нормативтік талаптарға сай болмауы қынжылтады, деді.
М.Бекетаев кездесуде азаматтардың, бейнеконференциялық байланыс арқылы елдің басқа аймақ тұрғындарының және министрліктің сайтына келіп түскен сұрақтарына жауап берді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.