
Бірлігі жарасқан кең байтақ қазақ жері дүние жүзіне өзінің мықтылығын тағы бір рет танытуда.
103 мемлекет пен 20 халықаралық ұйымның басын қосқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі тәжірибе алаңы мен озық пікіп алмасу ордасына айналды. Байқағанымыздай көрме қалашығында отандастарымыз бен қатар шетелдік туристердің қарасы мол. Әр мемлекеттің орналасқан павильондары алыстан келген қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Оның ішінде біз секілді балаларға арналған ойын-сауық орталықтары, қызықты бағдарламалар қамтылған. Көрмеге қатысушы мемлекеттер түрлі ұлттық жәдігерлерін, қолдан жасаған бұйымдарын, бағалы тұрмыстық заттары мен үздік тауарларын көпшілікке ұсынуда. Осындай тың жаңалықтарға тап боламын деп өз басым ойлаған емеспін.
Алғашқы күннен Сырдария ауданының балалары мен қонақтарын күтіп алып, жайлы орынға жайғастыра білген «Саят» туристік фирмасы жоғары деңгейде қызмет көрсете білді. Аудандық білім бөлімімен ортақ келісімге отырған аталмыш фирма 4 мезгіл ас-ауқатпен қамтамасыз етіп, Астана қаласына саяхаттауды ұйымдастырды. Аудан әкімдігінің қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсеткендігінің арқасында ешқандай кедергілерге тап болған жоқпыз. Қайта бас-аяғы аптаға жуық уақытта демалыс көркін қыздырдық. Көрменің басты құндылықтарына қанықтық. Барлық дерлік павильондарды еркін аралап, достарымызбен жақсы көңіл көтердік. Осы орайда айтпағымыз біздің көптен күткен армандарымыз орындалды. Барлық жағдай жасаған ел ағаларына рахмет айтамыз.
Сағыныш АҒЫБАЙ.
Сырдария ауданы №35 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы.