
Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық боксшы Қанат Исламның қатысуымен баспасөз маслихаты өтті. Бұл шараның ұйымдастырушысы «Қазақстан» РТРК АҚ.
Кездесуге «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қанат Ислам және оның АҚШ-тан арнайы келген промоутері Нелсон Лопез қатысты.
«2016 жылдан бастап Қанат Исламның жекпе-жектерін «Қазақстан» мен «Казспорт» телеарналары тікелей эфирде үзбей көрсетіп келе жатқаны белгілі және бұл өзіндік дәстүрге айналды десек те болады. Бокс сүйер қауым үшін ғана емес, жалпы Қанаттың жанкүйерлері үшін бұл тамаша мүмкіндік деп есептеймін.» - деп, атап өтті баспасөз маслихаты барысында «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Кəсіпқой рингте жеңілмеген, WBA intercontinental, WBO NABA чемпиондық белбеуінің иегері - Қанат Ислам БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, ЭКСПО көрмесі аясында өтетін жекпе-жегінің жоспарымен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, 27 мамырда АҚШ-та Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалесті жеңіп, екі бірдей чемпиондық титул жеңіп алған болатын.
Бұл Қанат Исламның мамырдағы жекпе-жегінен кейінгі және ЭКСПО көрмесі аясында өтетін жекпе-жегінің қарсаңындағы алғашқы баспасөз маслихаты болмақ.
Айта кетейік, 2017 жылдың 9 қыркүйегінде Астана қаласының Республикалық «Сарыарқа» велотрегінің кешенінде Қанат Исламның американдық боксшы Джеймс Кирклендпен жекпе-жегі жоспарланып отыр.
Стратегиялық маркетинг департаменті