Қармақшыда ЭКСПО-2017 көрмесі аясында этноауыл ашылды

Қармақшыда ЭКСПО-2017 көрмесі аясында этноауыл ашылдыҚармақшыдағы Қорқыт ата кешені жанынан этноауыл ашылды. Қызылорданың үздік қолөнершілері ақшаңқан үйлерде жасаған бұйымдарын келушілер назарына ұсынуда, дейді Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Гүлжан Омарова.
Төрт өркениеттің төрі болған Сыр өңірінде туризм кластерін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Жұлдызды аспан әлемі мен жұмыр жерді байланыстырған «Байқоңыр», түркі мифологиясының қайнар көзі «Қорқыт ата» кесенесі жаһандық «ЭКСПО-2017» көрмесінің саяхаттық бағытына енгені белгілі. Ал киелі Қармақшы топырағына табан тіреген меймандар этноауылда ұлттық дәстүр көріністеріне куә болып, бай дастарханнан дәм тата алады. Кеше, әйгілі абыздың мемориалдық кешені жанынан халықаралық көрме аясындағы этноауыл салтанатты жағдайда ашылды.
Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ашылған этноауылда қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрі қамтылған. Мұнда келген туристер зергерлер мен қолөнершілердің таңғажайып туындыларымен таныса алады. Олардың жүн, былғары, киізден жасалған табиғи таза дүниелерді сатып ала алады. Жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін осы жерден тамашалауға болады. Салтанатты шарада қыз қуу, теңге ілу, асық атып, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардың да көркі қызған. Ал жауырынды. жуан білекті жігіттер өзара түйе палуанды анықтады.
Түйіп айтқанда, Сыр еліне табан тіреген шетелдік қонақтар үшін  кіндігі алтын бесік ауылға байланған қазақ ұлтының бар құндылығын, рухани-тарихи мұраларын көріп, мәнін түсінуі үшін жақсы мүмкіндік болмақ.

Қармақшыда ЭКСПО-2017 көрмесі аясында этноауыл ашылды

 
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 21 маусым 2017 г. 750 0