Екі мыңға жуық жұмысшының жалақы қарызы өндірілді

Екі мыңға жуық жұмысшының жалақы қарызы өндірілдіЖыл басынан бері жауапты органдардың жедел әрекет етуі нәтижесінде 1781 жұмысшыға 223 млн. теңгенің жалақы қарызы өндірілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлады.
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекциясының 125 мекеме мен кәсіпорындарға жүргізілген тексеруі нәтижесінде 121 заң бұзушылық фактілері анықталып, жұмыс берушілерге 78 нұсқама берілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің талаптарын бұзуға жол берген лауазымды және заңды тұлғаларға 2,5 млн. теңге мөлшерінде 15 айыппұл салынған.
«Бүгінгі күні жалақыны уақытылы төлеу мәселесі негізгі назарда тұрған мәселелердің бірі. Облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы төлеуді кешіктіру фактілері анықталған жағдайда дереу әрекет ету шаралары жүргізіліп, жалақы қарыздарын қалыптасу жағдайының алдын-алу шаралары қабылдануда. Жыл басынан бастап жедел әрекет ету шараларымен 60 мекеменің 1781 жұмысшысына 223 млн. теңгенің жалақы қарызы өндіріліп берілді. Қазіргі таңда облыс бойынша үш айдан астам жалақыға қарызы бар мекемелер тіркелмеген. Жыл басында орын алған жалақы қарыздары толық өндірілді» - деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, өткен жылы облыстағы жұмыс берушілермен бірлесе отырып, әлеуметтік шиеленістің алдын-алу, штат санын қысқартпау және жұмыс орнын сақтау мақсатында 54 мың адамды қамтитын 2975 кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2017 г. 511 0