
Бүгін ЭКСПО-2017 көрме алаңында Финлляндия мемлекетінің ұлттық күні аталып өтті. Ұлттық күннің ашылу салтанатына фин елінің Президенті Саули Нийнистё мен ҚР Ұлттық энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысты. Ал Финляндия мемлекетінің ұлттық павильонының таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндия Президенті қатысты, деп хабарлайды BAQ.kz.
Ұлттық күннің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген ҚР Ұлттық энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл күннің екі ел үшін де маңызды екенін атап өтті.
"Бүгінгі іс-шараның Қазақстан мен Финляндияның болашағы үшін шын мәнінде тарихи маңызы бар. Көрме атауына сай "Таза энергия" тақырыбын ұсынған фин елінің павильоны өз есігін ашатына өте қуаныштамыз" - деді министр.
Өз кезегінде Финляндия Президенті Саули Нийнистё өз елінің "Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысып жатқандығын мақтан ететінін жеткізді.
"Финляндия бұл көрмеге қатысып жатқаныдығын мақтан етеді. Мен үшін еліміздің Ұлттық күнін ашу үшін Астанадағы ЭКСПО алаңында болуым үлкен құрмет. Финляндия мен Қазақстан саяси және экономикалық жоспарда маңызды серіктестер. Бүгінгі таңда Солтүстік Еуропа елдері арасында Финляндия Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Және Қазақстан да өз кезегінде біздің еліміздің Орта Азиядағы маңызды серіктесі екенін айтқым келеді. Біздің бұған дейінгі өзара байланысымыз енді жасыл технологияларды дамытуда және білім беруде т.б. түрлі салаларда жалғасын табатын болады" - деді Финляндия президенті.
Мұнан соң фмн елінің ұлттық павильонын ашуға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Екі ел мемлекет басшылары фин павильонын аралап көрді.
Финляндия мемлекеті тәуелсіздігінің 100 жылдығына орайластырылған мерекелік шара Қазақстан мен фин елінің өзара саяси-экономикалық байланысының 25 жылдығымен жалғасты. Сонымен қатар Астанаға Финляндиядағы ең танымал кейіпкер, яғни Лапландиядан Санта-Клаус арнайы келді. Ол павильон қонақтарын алдағы үш күн бойы қарсы алатын болады.