Айлардың сұлтаны Рамазан айы қарсаңында, Төменарық ауылында «әл-Хақ» мешітінің есігі айқара ашылды. 4500-ге жуық түтіні бар берекелі елді мекен бұрыннан да түрлі ұлттың басын қосып, тату- тәтті өмір сүріп келе жатқандығы. Қасиетті айдағы имандылық үйінің ашылу салтанатына жер-жерден ауыл тумалары мен тілеулес ағайын жиналды.
Имандылық үйінің ашылу рәсімінде Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов құттықтау лебізін білдірсе, мешіт салудың сауабы хақында ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исахан, облыс орталығындағы «Сұлтан» мешітінің бас имамы Нұрлан Әбжанов, ауданның бас имамы Сайдулла Омаров насихат өрбітті. Мешіт салу сауабының зор екендігі хадисте былай өрнектеледі: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», бұл хадисінте үлкен тәлім, зор ғибрат барлығы анық. Осындай әсерлі уағыздарын өрбіткен дін қызметкерлері мешіт салуға демеушілік жасаған жаңақорғандық кәсіпкерлер Бекболат, Ерболат, Нұрболат Ашировтерге Алладан береке, ынтымақ тіледі. Ел ақсақалдары алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Ауыл әкімі Найрахман Фазылов тұрғындар атынан өз алғысын жеткізді.
Ауыл ортасынан мұнаралы, сәулетті мешіттің бойы көтеруі расында тұрғындар үшін қуанышты жағдай еді. Өз кезегінде ауыл тумасы, танымал қоғам қайраткері, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов сөз алып, сауапты іске ризашылығын білдірді. Айта кету керек, Алла үйінің қаржылық демеу көрсеткен ел ағалары қатарында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, академик Мейірбек Молдабеков, белгілі азаматтар Құрбанғали Камалов, Мұрат Әбенов, Серғазы Кунтуаров, Абай Жәдігеров, Жалғас Айтөреев, Арзан Байсуған, Кәрім Жұмабаевтар бар.
Мешіт үйінің лентасын салтанатты түрде ел ағалары Бақытбек Арынов пен Өтеш Сәдуов қиып, ішке анталай кірген көпшілік имандылық үйінің ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Жұма намазына дейін созылған насихаттаң соң, алғашқы азан шақырылып, жиылған жамағат жұма намазын оқыды. Одан әрі жер-жерден келген қонақтарға ауыл халқы дастархан жайып, баба рухына Құран бағышталды.
Н. Назымханұлы,
Жаңақорған ауданы