Тағы екі адам суға кетті

Тағы екі адам суға кеттіЖыл басынан бері облыста 9 адам, оның ішінде 3 бала суға кеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының басшысы Бахыт Ембергенов хабарлады.
«Ағымдағы жылғы 18 маусым күні Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағына Қызылорда қаласындағы Жаңадария каналында 2 адамның суға кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жерде жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 1994 және 1996 жылы туылған азаматтардың денесі табылып, олардың рұқсат етілмеген жерде суға түскендігі анықталды» - деді Бахыт Ембергенов.
Тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан азаматтардың арнайы белгіленбеген жерлерде суға түсуі тиылмай тұр. Осының нәтижесінде жыл басынан бері облыс бойынша 9 адам, оның ішінде 3 бала суға кеткен. Жауапты сала мамандары халыққа арнайы рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу керектігін ескертеді.
Сондай-ақ, баспасөз-конференциясында 5 сыныпты оқитын баланың тоққа түскені белгілі болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Бақтияр Тұрмановтың айтуынша. Қайғылы жағдай 18 маусым күні Тасбөгет кентінде орын алған. Жасөспірім абайсызда үйіндегі электр тоғына түсіп, көз жұмған.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 маусым 2017 г. 505 0