
Бүгінде "Сыр өңірінде сексеуілден өзге ағаш өспейді”, - деген түсінік түбегейлі өзгерді. Орталық көшелердегі ғимараттар әрленіп, қаланың барлық жері көгалдандырылып, абаттанған. Қызылорда бұрынғы шөп шықпайтын шөлейтті мекен емес, жайқалған жасыл бағы мен көз тартар әдемі суреттерді еске салатын гүлдермен көмкерілген көшелерге толы мекен. Бұл көріністер сырттан келген қонақтардың таңданысын тудырары хақ. Әрбір тас жол бойларын, үйлер мен мектеп-мекеме аулаларын жасыл желекке айналдыруды қала тұрғындары басты ұстанымы санайды.
Сырдарияның оң жақ бөлігін сол бөлігіне жалғастыратын ұзын көшенің бірі Мұратбаев көшесі. Осы көшенің жаңа көпір тұсында Халыққа қызмет көрсету орталығы орын тепкен. Халық көп келетін мекеме болғандықтан қашаннан кісі аяғы басылған емес. ХҚКО ауласы жасыл желекке бөленіп, тамылжып тұр. Хауыздардан шапшыған су, жапырағын жел тербеген тал-терек, құлпырған алуан гүл, жайқалған шалғын – бәрі ерекше. Мұнда, сәл құйын соқса көкке көтерілетін шаң көрінбейді. Ауасы да қоңыр салқын. Көлеңкелі орындарда тынығып отырған келушілерде саялы бақта отырғандай.

Аулада шырша, арша, емен, қарағай сияқты ағаштар жайқалып тұр. Мұндағы түрлі түсті гүлдер мен жеміс ағаштары таңдай қақтырады. Жасыл желекке бөленген аула өзге мекемелерге үлгі болғандай. ХҚКО ауласына кірген бойда бірден көзге түсетіні ал қызыл раушан гүлдері. Орталық қызметкерлері мекеме айналасын шағын баққа айналдыру мақсатында түрлі жемістер еккен. Қазірде бұл жерден алма, алмұрт, өрік сынды жеміс ағаштарынан бөлек, Сырдың табиғатына тән емес өзге де тұқымды ағаштар отырғызған.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді ескерген ХҚКО мамандары орталық ауласын гүлдендіріп, бау-бақшасын адамдар демалатын саябаққа айналдырып, келушілердің көңілін жасыл желекке бөлемек.