Өздеріңізге белгілі, тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережелерінің сақталмауы адам өмірі үшін өте қауіпті болып табылады.
Айта кететін болсақ, қолданыстағы Заңнама талаптарына сәйкес, газбен жабдықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталмауы салдарынан, 2016-2017 жылдары жылу беру маусымында республика бойынша табиғи газбен уланудан 24 адам қаза болды (2015 жылы – 14 адам), табиғи газдан жарақат алған 150 адам (2015 жылы – 137 адам).
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» №532-IV Заңының 30-бабына сәйкес, тұрмыста газ қолданушы тұрғындар МІНДЕТТІ:
газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иелері олардың қауіпсіз пайдаланылуын және жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге, өздеріне тиесілі объектілерге техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге немесе техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға;
ғимараттардың, үй-жайлардың түтіндік және желдеткіш арналарының, инженерлік коммуникацияларды қосу нығыздамаларының иелері олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті;
Сондай-ақ, газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің иелері Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 тамыздағы «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы» № 906 қаулысының 2-тарау, 299-тармақшасына сәйкес, жылыту пештері, жүйелердің түтін және желдету арналары мен басқа да элементтерін:
жылыту пештері, жылыту аппараттары, ағынды және ыдыстық типті аппараттар үшін – үш айда кемінде бір рет;
үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтар үшін – екі айда кемінде бір рет;
кірпішті және аралас (кірпіш және асбестоцементті) түтін жолдары тікелей жылыту кезеңі басталар алдында, сондай-ақ жылыту кезеңі ішінде күйеден;
ас бөлме плиталары мен үздіксіз (ұзақ уақыт бойы) жағылатын басқа да пештерді айына кемінде бір рет тазартып отыру қажет.
Түтін және желдету арналарын алғаш рет тексергенде және тазартқанда мыналар:
қолданылған материалдардың орнатылуы және сәйкестігі;
бітелмеуі;
олардың тығыздығы мен оқшаулануы;
конструкциялардың жануынан сақтандыратын бөліктерінің болуы және жарамдылығы;
шатырға және жақын жерде орналасқан құрылыстарға қатысты түтін құбыры басының дұрыс орнатылуы және жарамдылығы;
қалыпты тартылудың болуы тексеріледі.
Қазіргі таңда, Қызылорда облысы бойынша түтіндіктер мен желдеткіш арналарын тексеретін және тазартатын арнайы мамандандырылған және бәсекелестік жағдайында өз қызметін жүргізе алатын «АлауГаз Аймақ» ЖШС, «СК Өнген» ЖШС, «Пожсервис» ЖШС секілді мекемелері бар.
Осыған орай, тұтынушылар аталған жұмыстарды жүргізетін мекемені өзі таңдап алуға құқылы және бұл қызметтің түрі бәсекелестік ортада болғандықтан, газ қолданушы тұрғындар мен осы қызмет түрімен айналысатын арнайы мекеме арасындағы екі жақты келісім-шарт негізінде жүргізіледі.
Қызылорда облысының энергетика
және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасының
«Газ инфрақұрылымын дамыту және
қауіпті өндірістік нысандарды
мемлекеттік бақылау» бөлімі