
Қызылорда қаласындағы №11 мектеп ұжымы құстардың түр-түрін асырап отыр. Олардың ішінде тауыс, Сыр бүркіті, үкі, қырғауыл, мысыр тауығы секілді ең сұлу құстар бар, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Қарапайым білім ордасының мұғалімдері балалардың жаратылыстану ғылымына қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейту үшін осындай игі істі қолға алған. Құстарды сатып алуға оқушылардың ата-аналарына да көмектескен екен.
«Құс асырауды 2014 жылы қолға алдық. Қазір мектеп алды құс бағына айналды. Мысыр тауығы, үкі, қырғауыл, тауыс сынды құстарға күтім жасап жатырмыз. Сыр бүркіті де бар. Оны балапан кезінде бір ата-ана сыйға тартқан еді. Оған оқушылар қарайды. Қалай десек те, жыртқыш құсты күтіп-баптау оңай шаруа емес. Тіпті, бір оқушы Сыр бойы бүркітінің табиғатын зерттеп те жатыр. Бүркітті балапан кезінен торда ұстағандықтан шығар, қазір қолға үйреністі. Дегенмен, сақтанбаса болмайды. Бұл – даланың еркін құсы, қанатын кеңге жаюы шарт. Бір кездері қолдан ұшырып алған сәттер болған. Алайда, көп ұзамай өзі қайта айналып келді. Осы себепті әр сенбіде оны тордан босатып, спорт залға жіберемін. Ал, қорегіне келсек бірыңғай ет өнімін береміз. Бізде биология сабағы теория түрінде емес, осындай тәжірибе жүзінде өткізіледі. Ал құстардың, әсіресе, бүркіт, үкінің азығы – ет екенін айттым. Азығын көбіне ата-анасы қасапшылықпен айналысатын оқушылар әкеледі», – дейді мектеп директорының орынбасары Ерболат Маханов.
Сонымен қатар, мектепте құстар әлемін зерттейтін «Жас орнитолог» үйірмесі жұмыс істейді. Ұйым оқу барысын тәжірибемен үйлестіре отырып, орнитология саласына өзіндік үлестерін қосуда. Оқушылар құстарға азығын беріп, күтім жасауды үйренуде.
«Құстар бағын ұйымдастырған ұстаздарымызға ризамыз. Бізді еңбекке баулып, қанаттылардың табиғатымен таныстырып жатыр. Құстарға өзіміз қараймыз, ет береміз, содан олар қуат алады. Әйнекті ұнтақтап саламыз, су береміз, шомылдырамыз», – дейді оқушы Дархан Сұлтан.