
Шірік-Рабат - көне қаланың орны. Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 100 шақырым жерде, Жаңадария арнасының сол жақ жағалауындағы ең биік төбенің үстіне орналасқан шамамен б.з.б. 4-2 ғасырлардағы қала.
Еліміздегі ең алғаш қыш-құмыра жасау ісі Сырдарияның бойында басталған. Біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың орта кезеңінде сақтар мекендеген Шірік-Рабат қаласын зерттеуші ғалымдар осындай тұжырымға келіп отыр. Оған себеп көне қала маңынан көзешілер ауылының табылуы. Бұл туралы Қармақшы аудандық әкімдік хабарлады.
Қыш ыдыстар өндірген шеберлер ауылы Шірік-Рабат қалашығынан 40 шақырым жерде жатыр. Аумағы 3-4 гектарды құрайды. Археологиялық зерттеу барысында әзірге 11 пештің және тұрғын үйлер мен шеберханалардың орны табылды. Бүгінгі күні қыш күйдіретін 6 пеш пен шеберхана толықтай ашылды. Сонымен қатар үй-жайлардың орнынан астық сақтайтын ірі көлемдегі ыдыстар қазылып алынды. Табылған пештер төрт бұрышты және домалақ. Олар екі қабаттан тұрады, ішіне оттық салғанда үстіне қыш ыдыстарын қойып, күйдірген. Археологтар Шірік-Рабат қалашығы аумағынан табылған цитадель - бекініс орнын да зерттеуде. Бұл жерде көне шаһарды мекендеушілердің тұрмысы мен ғұрпын танытатын құнды жәдігерлер жеткілікті.
Айта кетейік, Арал маңындағы бірқатар тарихи ескерткіштерді 1946 жылдан бастап Хорезм археологиялық-этнографиялық эспедициясы зерттеген болатын. Алайда 90-шы жылдары тұралап қалған бұл жұмыс 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жанданды.