
Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халық алдында есеп берді. Есеп беру жиналысы өңірлерге тікелей онлайн негізінде көрсетіліп, тұрғындар осы мүмкіндік арқылы сауалдарын жолдай алды.
Есеп беру барысында министр ішкі істер органдарының ағымдағы жылғы бес айдың жедел-қызметтік жұмыс нәтижелерін айтып өтті.
Онда ұйымдасқан қылмыспен мақсатты бағытталған күрес нәтижелері, қылмыстарды ашу, есірткі бизнесі, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша шараларды, ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» принципі бойынша атқарылған жұмыстарды саралады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, көші-қон жағдайларын бақылау, сондай-ақ органдар қызметінің басқа да негізгі бағыттары бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Министр, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, кісі зорлау, ұрлық, алаяқтық, кісі тонау және бұзақылық, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарғанын атап өтті. «Өткен жылдардағы» қылмыстық құқық бұзушылықтардың 5 мыңнан астамы ашылды, оның ішінде 15 кісі өлтіру, 40 денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 30 кісі зорлау, 200-ден астам кісі тонау, 30 қарақшылық, 3,6 мың ұрлық, 900 алаяқтық және 200 бұзақылық. Тергеу мен соттан жасырынып жүрген 1,5 мыңнан астам қылмыскер ұсталды», - деді.
Бұдан басқа, Министр тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде қызылордалық тұрғын жол-патрульдік полициясының қызметкерлерін қызметтік міндетін атқару кезінде камераға түсірудің заңды-заңды еместігін сұрап, сауал қойған еді.
«Азаматтық кодекс полицейлерге де қатысты, оған сәйкес егер адам өзінің суретінің басқа бір жерлерде таралуын қаламаса онда түсіруге тыйым салынады. Бұл заңмен қудаланады, бұл біріншіден. Екіншіден, егер полицей өз ісімен айналысып жүрсе, яғни оқиға орнын тексеріп, тергеу жүргізіп жүрсе, бұл жағдайда камераға түсіруге тыйым салынады. Бірақ жол полициясы қызметіне қатысты, біз қазір "Жол полициясы туралы” заңға мынадай толықтыру енгіздік. Яғни, сізді тоқтатып, xаттама толтырған жол полицейін түсіруге болады, бұл заңды», - деп жауап берді министр.
Қызылорда облысынан 150-ден астам тұрғындар, мемлекеттік қызметшілер мен полиция өкілдері Ішкі істер министрінің ел алдындағы есебіне оң бағасын берді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.