Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың таңдаушылар-Арал ауданынан сайланған облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесуі аса тартымды өтті.
Сенат депутаттығына кандидаттар М.Бақтиярұлы, А.Әлназарова, Е.Әжікенов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов, комиссия мүшесі Қ.Наурызбаев, Арал аудандық мәслихатының хатшысы Д.Мадинов, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысқан кездесуді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов ашып, Қазақстан Республикасының сайлау туралы Заңының талаптарын түсіндіріп, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттармен таныстырды. Мұнан соң Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар Ержан Әжікенов, Ақмарал Әлназарова, Мұрат Бақтиярұлы өзінің өмірбаяндары мен сайлау алдындағы бағдарламаларымен таныстырды.
Жиында сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Аяпов екінші деңгейдегі банктер үш пайызбен қаржы алып, халыққа 20-30 пайызбен қымбат несие қылып беріп отырғанынына, оқу бітірген жастардың басым бөлігі жұмыссыз жүргеніне өзге де бірқатар мәселеге жете көңіл бөлінбейтіндігіне қынжылыс білдірді.Бұл сауалдарға ҚР Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы сұраққа толыққанды жауабын берді. Сонымен қатар, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары к.Айбосынов пен Ә.Садықбаев қазіргі уақытта мектептердегі білім сапасының төмендегінін айтып өтті. Кездесу соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Мадинов Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға тілектестігін білдірді.
Жұмабек Табынбаев, Арал ауданы.