Жолдауды Сыр жұртшылығы қуаттайды

Жолдауды Сыр жұртшылығы  қуаттайды  Бүгін, 21 қаңтарда облыстық мәслихаттың мәжіліс залында бас қосқан облыс активі Жолдауды талқылап, ондағы ел Президентінің кезекті тың бастамаларына қолдау білдірді. Ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жиында баяндама жасаған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев осы Жолдау арқылы еліміздің стратегиялық бағыттары тағы да айқындала түскенін атап көрсетті. 
 – Елбасы экономикадағы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы керектігін ескертті. Ол биылғы жылы 6-7 пайызды құрайтын болса, бұл бағытта біздің аймақ одан да қарқынды дамуы қажет. Мақсатты міндеттерді жүзеге асыруды биылдан бастауымыз керек, – деді облыс басшысы.
  Мемлекет басшысы инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан  бүкіл жалпы ішкі өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту міндеттегенін жұртшылық жақсы біледі. Аймақ басшысы бұл мәселеге айрықша мән беру керектігіне тоқталып, оның ішінде металлургия саласына тартылатын инвестицияны арттыру туралы айтты. Жалпы, инвестициялық рейтингке қол жеткізу үшін инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша мақсатты жұмыс жүргізілу қажет. «Ғылыми қамытымды экономиканы дамыту – заман талабы. Осы тұста біз металлургиялық технологиялар және күріш шаруашылығындағы зерттеулерді жетілдіруге тиіспіз» деп атап өтті облыс әкімі. 
  Жолдауда атап өтілгендей, ғылыми қамтылымды көп қажет ететін салалар үшін маңызды болып табылатын мұнай және газ, сирек кездесетін металдарды барлауды арттыруда біздің өңірдің әлеуеті жоғары. Демек, оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды тез арада қолға алуымыз қажет. Тарихи құжатта "Жасыл” экономиканы құру жолында да еліміздің қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Баламалы энергетиканы дамыту бойынша аймақ басшысы күн мен жел энергетикасын дамыту үшін біздің облыстың өз үлесін  алуы тиістігіне тоқталды. 
  Жиында облыс басшысы логистикалық қызмет түрлерін дамыту мәселесіне де мән берді. Елбасының қоғамдық көліктерді отынның экологиялық таза түріне көшіруді тапсырғанын, біздің қалада  биылдың өзінде сұйытылған табиғи газбен жүретін 100 автобус алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, Сексеуіл арқылы өтетін "Жезқазған-Бейнеу” темір жол құрылысының  мерзімінен ерте аяқталады деп күтілуде. Сол кезде Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабына айналып, транзиттік  әлеуеті өседі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аграрлық өндірісті кешенді дамыту мәселесінің маңызы ерекше. Бұл бағытта да біздің өңірде нәтижелі жұмыстар қолға алынбақ. Көп жылдан бері проблема болып келе жатқан жалпы орта білім беру жүйесіндегі  үш ауысымда оқыту мәселесі өткен жылы толықтай шешімін тапты. Ал, қазіргі таңда аймағымызда  балалардың 80,9 пайызы балабақшамен қамтылды. 
  Активте сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов, Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Нұрмұрат Ерманов және кәсіпкер Ғалымжан Жақсылықов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жан-жақты тарқатып айтып берді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2014 г. 968 0