
ЭКСПО аясындағы ірі мәдени шаралар басталғанда көлік жүйесі қиындайды. Ондай жайттарды Smart Astana мобилді жүктемесінен біліп отыруға болады. Бұл туралы Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов Elorda.info агенттігіне берген сұхбатында айтты.
ЭКСПО көрмесіне апаратын негізгі магистраль - Қабанбай батыр даңғылы мен Тұран даңғылы.
«Ірі іс-шаралар кезінде қонақтар мен тұрғындарды ұйымдасқан түрде жылдам апарып, алып келу үшін Shuttle Bus бағытындағы автобустарға басымдық береміз», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Shuttle Bus бағыттары туралы ақпаратты Smart Astana мобилді жүктемесі арқылы және http://upt.astana.kz/ сайтынан білуге болды.
Естеріңізге сала кетсек, Shuttle Bus бағыттары Астанада ЭКСПО-ға орай енгізілген. Экспресс бағыттардың баламасы бола алатын автобустар ЭКСПО аумағында, әуежайда және темір жол вокзалдарында, халық көп шоғырланатын жерлермен жүреді. Қалада 167 автобуспен қамтылған 7 бағыт қарастырылған. Кәдімгі автобустар бір рейсте 30 аялдамаға тоқтаса, Shuttle Bus тек 8 аялдамаға соғады. Осыған байланысты және қоғамдық көліктерге арналған Bus Lane арнайы жолақтарының ашылуына орай Shuttle Bus жылдамдығы 20-30 пайызға артты. Shuttle Bus бағасы 150 тенге. Ал, кәдімгі қоғамдық көлікте жүру бағасы – 90 теңге.
Бұған қоса қөрмеге өз көлігімен барғысы келетін жүргізушілер үшін елордада 14 тегін автотұрақ қарастырылған. Сол арқылы қала қонақтары мен тұрғындар көлігін қалдырып, Shuttle Bus арқылы қалаған жеріне жете алады.
Ал, ЭКСПО-ның өзінде шамамен 6 мың орынды ақылы автотұрақ бар.