Әлеуметтік салада атқарылған істер аз емес


Әлеуметтік салада атқарылған істер аз емес   Бүгін, 22 қаңтарда облыстық коммуникациялар орталығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен жүздесті. Онда сала бойынша 2014 жылдың 1 қаңтарына дейінгі атқарылған жұмыстар барысы жайында жан-жақты айтылды. Оны «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Соңғыбаев жүргізді.
  Айта кетелік, Қызылорда қаласындағы Шығармашылық үйі ғимаратында орналасқан облыстық коммуникациялар орталығы алғашқы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып отыр. Алдағы уақытта бұл орында облыстың барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, өзге де құзырлы орын жетекшілері журналистермен жүздесіп, өз салалары бойынша жасалған және атқарылатын іс-шаралар жөнінде жан-жақты мәлімет беріп отыратын болады.
  Еліміздің статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес Қызылорда облысында өткен жылдың үшінші тоқсанында 352,3 мың экономикалық белсенді адам бар деп есептелген. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады, ол 0,1 пайызға төмендеп отыр. Былтыр 8787 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, нәтижесінде бұл жоспар 13,9 пайызға артық орындалды. 
  Облыс бойынша «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасына сәйкес өткен жылы 9 662,2 млн. теңге бөлінген. Бағдарламаның бірінші бағыты – инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша біздің облысқа 98 жобаға 3,8 млрд. теңге қаралған. Екінші бағыты – ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамытуға 3 028,1 млн. теңге қаралды. Былтыр несиелендіру бойынша бөлінген 3014 млн. теңге толықтай игерілді. Бағдарламаның үшінші бағыты – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу көзделген. Осы бағытта кәсіптік даярлаудың 1002 адам игілігін көрді. Қайта даярлау курстарына да сол шамада адамдар қатысты. 
  2014 жылдың 1 қаңтарына дейін аз қамтамасыз етілген 72315 адамға 1280,0 млн. теңге шамасында әлеуметтік көмектер және балаларға арналған жәрдемақы төленді. Ал атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2082 адамға 36,1 млн. теңге қаржы төленген. Тұрғын үй көмегін 10428 отбасы алды. Үстіміздегі жылдың басына дейінгі мәлімет бойынша біздің өңірде 27155 мүгедек бар деп есептелген. Мүгедектерді оңалту заңнамаларға сәйкес мүгедекті жеке оңалтудың бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді. Былтыр сол бағдарлама бойынша 9033 жеке оңалту бағдарламасы даярланды. Былтыр шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бойынша 552 шетел азаматы белгіленген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда квота 453 бірлікке кеміген. Облыс бойынша шетелдік компаниялармен бірлескен 17 кәсіпорын қызмет атқарады. Онда 7354 қазақстандық маман еңбек етіп келеді. Басқарма құзырына қарайтын тағы бір жұмыс – әлеуметтік тапсырыс мәселесі. Өткен жылы қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 9,4 млн. теңге қаралған.Үстіміздегі жылдың басына дейін облысқа келген 62 отбасындағы 85 адамға оралман мәртебесі берілді. Оның ішінде Өзбекстаннан – 59, қалғаны Ресей мен Түркіменстаннан келген.
  Облыстық коммуникация орталығында өтетін баспасөз мәслихаты алдағы уақытта да жалғасатын болады. Онда басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері журналистердің қойған сауалдарына жауап береді.
 

Әлеуметтік салада атқарылған істер аз емес  Әлеуметтік салада атқарылған істер аз емес  


 


 Әлеуметтік салада атқарылған істер аз емес
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қаңтар 2014 г. 1 042 0