
Облыстық сотта «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы және сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңес жұмысына облыстық соттың, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, кеңсе меңгерушілері, сот қызметкерлері, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қызылорда облыстық сотының судьясы Амангелді Қожаниязов ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстырды. Ол өз сөзінде жиынның маңыздылығын, сот саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. «Сыбайлас жемқорлық – мемлекетіміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, адам құқықтарының сақталуына үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан қоғамдық күрделі мәселелердің бірі болып келетін жемқорлықтың алдын алып, күресу жолында бірқатар шараларды өткерді», – деді судья Амангелді Қожаниязов.
Семинар – кеңес шеңберінде ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Бағдат Іскенов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР-ның 18.11.2015 жылғы Заңы аясында баяндама жасап, аталмыш заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтіндігін және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталғандығын атап өтті. Сондай-ақ, бас маман Бағдат Іскенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия, «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және деңгейін төмендету екенін жеткізді.
«Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Қуаныш Жәрекеев Елбасының биылғы «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауының қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бесінші басымдығын тарқатып айтып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында қойылған тапсырмалар негізінде сот саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша мысалдарға нақты тоқталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы Ниязов Бақытжан сыбайлас жемқорлыққа қарсы статистикалық деректерді, түйсіну индексі және әлемдегі елдердің ілеспе рейтингісін атап өтті.
Судья Амангелді Қожаниязов шара барысында айтылған талаптарды назарға алу қажеттігін назарға салды.
Семинар-кеңес соңында сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық тәжірибенің біздің елде қолдануы бойынша өзара пікір алмасты.