
Сырдария аудандық прокуратурасының бастамасымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің және аудандық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің мүшелерінен жұмысшы топ құрылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, «Мұңайма, алға ұмтыл!» акциясының шеңберінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 94 мүгедек азаматтың, оның ішінде 44 мүгедек баланың құқықтары бұзылғаны әшкереленіп, аудандық прокуратурамен заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар енгізілді. Соған сәйкес, бүгін аудан прокуроры Асхат Тәженов аталған акцияны қорытындылауға арналған баспасөз брифингі өткізді. Баспасөз брифингінде анықталған кемшіліктер туралы жан-жақты айтып өткен аудан прокуроры Асхат Бисенбайұлы бірқатар маңызды мәліметтерді атап өтті.
– Тиісті сала мамандарынан жасақталған жұмысшы топ мүшелері аудан көлеміндегі әрбір мүгедек баланың тұрғылықты мекен-жайына барып, олардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Сондай-ақ, денсаулық жағдайларына, қажетті жетекарбалармен қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізді. Соның нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Нақтырақ айтқанда, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы 2016 жылы 12 мүгедек адам (5-і бала) жетек арбалармен қамтамасыз етілген. Алайда, 5 мүгедек балаға берілген жетекарбалар олардың дене пішіміне, жас мөлшеріне сәкес келмейді.
Мәселен, екі жасар Шаттықұлы Аманға ересек адамға арналған жетекарба берілген. Бұл оның сауығуына ешқандай пайда әкелмейді. Мұндай бірнеше дерек анықталды. Сондай-ақ, аталған бөлім мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға дұрыс талдау жасамаған. Жіберілген кемшілік салдарынан 2012-2016 жылы қайтыс болған 8 адамға кресло-арба алуға сұраныстар берілген. Бұл қызметтегі салғырттықты білдіреді. Бұдан бөлек, 23 мүгедек азамат, оның ішінде 12 мүгедек бала тегін берілетін дәрілерді алмаған. Бағасы 18000-20000 көлеміндегі қымбат дәрілерді өз қаражаты есебінен сатып алуға мәжбүр болған. Бұл кемшіліктер бүгін жойылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін дәрілер табысталды,- деген аудан прокуроры медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты да өрескел заң бұзушылықтар орын алғанын айтты.
Баспасөз-конференциясында аудандық прокуратураның бастамасымен қолға алынған жұмыстың шарапатын сезінген мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары Мая Батишева мен Шолпан Ақбергенова риясыз алғыстарын айтты. Сонымен бірге, аудандық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Сауытбаев соңғы уақыттағы аудандық прокуратураның игі істері мен жүйелі жұмыстарына ризашылығын білдірді. Акцияның мақсаты және баспасөз конференциясы туралы толық мәлімет алдағы уақытта республикалы және жергілік телеарналар мен газеттерде ақпараттандырылатын болады.