Жыл сайын 5-маусым күні әлемдік бірлестіктер қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл аударады және жер шарының түкпір-түкпірінде – «Жердегі өмір үшін» ұранымен жаппай экологиялық шаралар өткізеді. Бұл күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында да келелі кездесу ұйымдастырылды. Облыстың құрметті қайраткері, ұзақ жылдар бойы Сыр өңірінің экология саласында басшылық қызмет атқарған Қуанышқали Шапшанов, экология саласының ардагері Шайхыслам Ноғаев, облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шаменов пен облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Мэлс Қосмамбетов қатысқан шарада экологиялық таза, заманауи ортаны қалыптастыру мәселелері сөз етілді.
– Халқымыздың тұрмысында көктеу, жайлау, күздеу, қыстаудың болуы – табиғатты қор¬ғаудың ерекше үлгісі. Ертеде жау келген тұста Төле би бабамыздың өзі басқа халық көшсе де, көш¬песе керек. Оның себебі – киіз үйге қарлығаштың ұя салуы. Осының өзі табиғатқа деген үлкен жанашырлықтың, фило¬софиялық көзқарастың белгісіндей. Ендігі кезекте сіздер, жас ұрпақ барды бағалап, табиғи таза ортада өмір сүруге, жарқын болашаққа ұмтылуларыңыз керек, – деді Қ.Шапшанов.
Ал Елбасы Жарлығындағы жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы төңірегінде сөз алған Шайхыслам Ноғаев аталған құжат – тазалықты ту ететін бас¬тама екеніне тоқталды. Өйткені, күн сайын табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта ластанып жатыр. Сәйкесінше, адамзат үшін жасыл экономикаға көшу міндеті тұр. Жуырда өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі де осы жасыл экономика тақырыбында жүр¬гізіледі. Сондықтан жастар электр үнемдегіш жаңа аппараттарды, экологиялық таза өнім өндіру техникасы мен технология үлгілерін меңгеруге, болашағы зор идеяларды дамытуға күш салуы қажет.
Шара соңына қарай өзге де қаты¬сушылар орамды ойымен бөлісті. Сондай-ақ, қиындығы мол саланың жетістігі сараланып, экологиялық ахуалдың реттелуіне үлес қосқан бірқатар маман марапатталды. Еліміздің экологиялық мәселелерін қамтитын, ғылыми зерттеулерден тұратын маңызды деректер, биос¬фе¬радағы тепе-теңдіктің бұзылу себебі және оны тазалау әдістері көрсетілген еңбектер мен мерзімді басылымдар беттеріндегі жарияланымдар да оқырман назарына ұсынылды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.