
Сәби - шаңырақтың шаттығы. Дүниеге дені сау сәби әкелу үшін әйелдің де денсаулығы мықты болуы керек. Дәрігерлер отбасын құрмақ ниеті бар әйелдерге алдын-ала тексеруден өтуді ұсынады. Сәбидің дүниеге сау болып келуіне ананың жасы да біршама әсер етеді.
Бірнеше жыл бұрын тұңғышын кеш босанған аналарға 25-26 жастағы әйелдерді жатқызатын. Болашақ аналар үшін ең қолайлы уақыт 20 мен 27-нің арасы деп танылған. Алайда ғалымдардың соңғы зерттеулері басқаша көрсеткіш беріп отыр. Бұл туралы мәліметті Қамшы ақпараттық агенттігі оқырман қауымға ұсынады.
Қай жасқа келгенде дүниеге сәби әкелген дұрыс деген сауал кеше-бүгін пайда болған жоқ. Жас аналардың денсаулығы үлкен жастағы әйелдердің ағзасымен салыстырғанда мықты, ұрық жасушалары қоршаған ортаның зиянды заттары ағзаларына сіңіп үлгермеген. Ал екінші жағынан қарасақ, жыл өткен сайын әйелдер некеге біршама кеш тұрып жатады. Басты назарларын мансап пен саяхатқа, жастық шақтың қызығына жұмсап жатады. Көпшіліктің пікірі бойынша, 20-27 арасында әйелдер тұңғышын дүниеге әкелген дұрыс. Ал Техас университетінің докторы Джон Мировскидің айтуы бойынша, тұңғыш сәбиді босануға 34 жас өте қолайлы. Оның себебін де түсіндіріп кеткен. 34 жаста әйелдің ағзасы бала көтеруге ыңғайлы, бейім.
Жас кезде әйелдің бойында түрлі аурулар болып, босану барысында қиындық тудырады. Бұл теорияның дұрыстығын психолог мамандар да қолдап отыр. 30 жаста әйелдер өзінің серігімен салмақты, тұрақты қарым-қатынаста болады. Өмірлік тәжірибесі де бар, әрі өз-өздерін қаржыландыра алатын жағдайда болады. Ал дәрігерлердің айтуынша, 35 жатсан кейін әйелдер бала көтеруді мамандармен ақылалдасқаны дұрыс және қатаң тексеруде болу керек.
Отбасын құру қаншалықты маңызды болса, сол шаңырақтың шаттығына айналатын сәбиді жарық дүниеге алып келу де жауаптылықты талап етеді.
Дайындаған: Айгерім ТАУБАЙ