
Қызылордада«Даму» Қоры және «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» ҚБ бірлескен жобасы аясында оқу курсы аяқталды. «Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлік қабілетін дамыту» жобасы шектеулі мүмкіндіктің әлеуметтік моделіне негізделген жаңа заманғы мүгедектік түсініктемесін қалыптастыру, өзіне сенімділікті арттыру, өзіндік оқшаулану мен масылдықтан арылту және мүмкіндігі шектеулі әйелдердің өзгеге тәуелді болмауын үйрету және ұжымда көшбасшы болуға машықтандыру мақсатына бағытталған. Оқыту курсы аясында қатысушылар тиімді коммуникация тәсілдері мен өзін-өзі таныстыру және өз бизнес-жобасына таныстырылым жасай білуді үйренді.
Ағымдағы жылы «Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлік қабілетін дамыту» жобасы аясында «Шырақ» ҚБ республиканың 16 аумағынан бір жыл бұрын аталған жобаның қатысушылары атанып, жаңа белестерге енді ғана қадам басқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар қозғалысының көшбасшыларынан аймақтық тренерлер құрамын жасақтады.
Жобаға қатыстыру мақсатында кәсіпкер атанып отырған мүгедектігі бар әйелдер шақыртылды. Мысалыға, Бибайша Юсупова кәсіпкерлік қызметпен айналысқанына 10 жылға жуықтаған. Оқу барысында ол қатысушылармен өзінің бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісе отырып, өз ісін сәтті бастау бойынша нұсқаулық кеңесін ұсынды.
- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру қашанда өзекті мәселе екені рас. Өзімізді тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін біз бизнестің қиын жолын меңгеруді қолға алып, түрлі кедергілерге жолығамыз. Бүгінде мен аяққа нық тұрып, нарықта өз орным бар қалыптасқан кәсіпкермін, алайда бизнесті дамыту үшін өз мүмкіндіктерімнің өрісін кеңейту қажет және сондықтан да осы бірегей жобаға қатысып отырмын. Мұнда мен тек қажетті ақпарат пен бизнес машықтарына сусынумен қатар, мүгедектігі бар бастауыш кәсіпкерлерге тәлімгер де болдым, - деді Бибайша Юсупова.
Оқуға қатысушы тағы бір кәсіпкер Тамара Ақмағамбетова әйелдерге бірігіп, ортақ бизнес құруды ұсынды. Оның сөзінше, үнемі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін талқылай беру қажетті нәтиже әкелмейді, оның орнына қиындықтармен бірігіп күресе отырып, өзіңді жұмыспен қамту керек.
«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Шырақ» ҚБ бүкіл Қазақстан бойынша әртүрлі деңгейдегі мүгедектігі бар 180 әйелді оқытуды жоспарлап отыр, одан соң 90 әйел кәсіпорындағы бухгалтерлік есеп, call центр операторы және кеңсе менеджері, тігіншілік пен массаж маманы, аспаздық іс және бизнес жоспар құрудың негіздері мен шаштараз мастері секілді бағыттар бойынша қайта даярлау курстарына жіберіледі. Арнайы курстан өткен жоба қатысушылары жұмысқа тұруға немесе өз ісін бастауға мүмкіндік алады.