
Кеше «Мерейлі отбасы» облыстық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Мемлекеттің қорғаны, қоғамның тұрақты дамуының негізі – отбасы екенін көрсетіп қана қоймай, оны дәлелдеудің бірден – бір көрінісіне айналған «Мерейлі отбасы» байқауында облыс әкімі Қ.Көшербаев салтанатты кешті ашып, тәуелсіз қазақ елінің ұлағатты ұрпақтарын тәрбиелеп отырған, отбасылық берекелерін мемлекетіміздің мерейіне айналдырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
Марапат төрінен Жалағаш ауданының мерейлі отбасылары да көрінді. Атап айтқанда, Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, Ғаниевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің І дәрежелі дипломымен марапатталып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласында өткізілетін республикалық кезеңіне жолдама алды.

Бірінші орынға лайық деп танылған Парахат Ғаниев пен Тынышкүл Қанатшаева отбасы ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласында талмай еңбектенген. Бойындағы еңбек етуге деген орасан құлшыныс, мақсаттылық пен сабырлылық арқасында еңбектің нанын жеп қана қоймай, үлкен, өнегелі отбасының негізін қалады. Ешқашан қиындыққа мойымай, өз ісіне бар ынтасымен берілгеннің арқасында еңбектері елеусіз қалмады. 1991 жылы Т.Қанатшаева Қазақстан компартиясының XXVII съезіне делегат болса, 1993 жылы республикалық әйелдер съезінің делегаты. Осы жылы «Халық достығы» орденімен марапатталып, еңбегінің тәтті жемісін көрді. Көпбалалы отбасының анасы "Батыр ана", "Алтын алқа" иегері. Отбасында 30 немере, 25 шөбере өсіп, қанат жайып келеді.