Шегірткеден келер қауіп жоқ

Шегірткеден келер қауіп жоқАймақта шегірткеге қарсы күрес басталып кетті. Жалпы биыл облыс көлемінде 153 325 гектар жер өңделетін болады.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыс бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Еркебұлан Бекжанов пен республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының директоры Абай Айтбаев мәлімдеді.
Аумақтық инспекция басшысының мәліметіне сәйкес шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 27 мамырдан бастап  жүргізілуде.
- Үкімет қаулысымен бекітілген тізімге  саяқ шегірткелер де енгізілген. Оған қарсы 40 571 гектар жер химиялық өңдеуден өтті. Ол жұмыстарға 10 арнайы жер агрегаты және 2 аса жеңіл ұшақ қатыстырылуда. Жалпы облысқа қарасты барлық аудандардың аумақтық инспекциялары химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін арнайы техникалармен толығымен қамтамасыз етілді. Қазір облыс бойынша 4 аса жеңіл ұшақ, 8 арнайы жер агрегаты және 11 арнайы бүріккіш жер агрегаттары бар, - деді ол.
Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында және Қызылорда қаласында 27 мамырда басталды. Осы уақытқа дейін италиялық прус шегірткесіне қарсы Арал ауданында 16350 гектар, Қазалыда 2300 гектар жер өңдеуден өтті.
Азиялық шегірткеге қарсы улау жұмыстары Жалағашта 100 гектар, Шиеліде 380 гектар, Жаңақорғанда 1100 гектар, Қызылорда қаласында 1000 гектар аумаққа жүргізілді. Сондай-ақ, саяқ шегірткеге қарсы Жаңақорған ауданының 3096, Шиелінің 500, Арал ауданының 275 және Қызылорда қаласының 1000 гектар жері уланды.
Аудандық және қалалық аумақтық инспекциялар химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін жеңіл ұшақтармен, арнайы техникалармен және бүріккіш жер агрегаттарымен қамтылған.
Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында кездесетін марокколық шегірткелеріне қарсы өңірде тұрақты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардан әл-әзірге келер қауіп жоқ.
Мамандардың айтуынша, қазір аймақтағы ахуал тұрақты. Шегірткені улау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Химиялық өңдеу тәулігіне екі мезгіл, таңертеңгі 5 пен 10 аралығында және кешкі сегізден кейін жасалады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2017 г. 689 0