Қызылордада жыл басынан бері техникалық байқаудан өтпеген 1338 автокөлік анықталып, жүргізушілерге айыппұл салынған. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалымен айналысатын 30 автокөлік иесінің жалған диагностикалық карталарды пайдаланғаны белгілі болды.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов баяндады.
Бүгінгі күні облыста тіркелген 137 мың автокөліктің 5230 автобустар мен шағын автобустар. Олар жылына екі рет техникалық байқаудан өтуге міндетті.
«Ағымдағы облыс әкімімен «2017-2018 жылдарға арналған Қызылорда облысы бойынша автомобиль көлігімен жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды дамытуына бағытталған іс-шаралар жоспары» бекітілген болатын. Аталмыш іс-шара аясында жергілікті полиция қызметімен бірлесіп аудандар мен қала орталығында рейдтік жұмыстар жүргізілді. Рейдтік тексеру барысында
1338 автөліктің техникалық байқаудан өтпегені анықталып, автокөлік жүргізушілері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, облыста жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 30 автокөлік иелерінің жалған диагностикалық карталарды пайдалануы орын алды. Қазіргі таңда, құзырлы органдармен тергеу жұмыстары жүргізілуде» - деді мекеме басшысы.
Айта кетерлігі, рейдтік іс-шараға дейін күніне орта есеппен 90-95 автокөлік техникалық байқаудан өтсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш тәулігіне
140-145 автокөлікке дейін жеткен.
Баспасөз-конференциясында жауапты сала басшысы автокөлік иелерінің жалған диагностикалық карталарды пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертіп, техникалық байқауды тек мемлекеттік тізілімге енген техникалық орталықтардан өтуді ұсынды. Техникалық байқау операторлары бойынша толық ақпараттар «Eisto.kz» сайтында орналасқан.
Жолдағы қауіпсіздік автокөліктердің техникалық жарамдылығына тікелей байланысты екенін көлік иелері естерінен шығармағаны абзал.